Объективно и достоверно о политике Казахстана. Мы поведаем о том, что другие не могут рассказать или боятся.
Береген қолым алаған
Бүгінгі күн қазақстандықтардың бір бөлігі үшін шок жаңалықтан басталды. 2022 жылдан бастап Бірыңғай жинақтық зейнетақы қорынан біржолғы зейнетақы төлемін алудың шекті мөлшері өзгеретіні туралы хабар елді есеңгіретіп тастады. 2021 жылдың басында жұмыс істейтін азаматтарға зейнетақы қорынан жинағының бір бөлігін алуға рұқсат берілді. Оның өзінде тек екі мақсатта: бірі – тұрғын үй жағдайын жақсарту (баспана сатып алу, ипотека рәсімдеу, қолданыстағы ипотеканы жабу), екіншісі – денсаулық жағдайын жақсарту. Яғни кепілдендірілген медициналық көмек аясында көрсетілмейтін қызметтерді төлеу мүмкін еді. Президент зейнетақы жиынтығынан алуға рұқсат бететін заңға қол қойылысымен көп күттірмей елдегі тұрғын үй бағасы жөнсіз кетті. Кемінде 2-3 млн теңгеге қымбаттады. Қымбатшылық қолдан жасалғандай көрінді. Соған қарамастан зейнетақы жинағынан шекті сомадан артылғанына 200 мыңнан астам қазақстандық тұрғын үй жағдайын жақсартты. Мыңдағаны күрделі медициналық қызметтің ақысын өтеді. Баспана бағасы сәл болса да арзандап, жағдай тұрақталып келе жатқандай еді.
Алайда енді шекті соманы 1,5-2 млн-ға көтеріп отыр. Зейнетақы жинағын бұл уақытқа дейін пайдаланып үлгермеген халық таңертеңнен бері БЖЗҚ сайтына лап қойып, нәтижесінде сайт істен шықты. БЖЗҚ болса біржолғы зейнетақы төлемін алудың шекті мөлшерінің өзгертілуін кеше қабылданған Бюджет туралы заңның түрткі болғанын айтып ақталып отыр. Кеше Президент Тоқаев «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына қол қойған болатын . Онда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап бірқатар әлеуметтік-экономикалық параметрлерді ұлғайту көзделген. Ең төменгі жалақы ағымдағы 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері де өсетін болды. Бекітілген әдістеме бойынша төмен жинақтық шек мөлшері жинақ иесінің жасына қарай есептеледі және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді. Ол үшін жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы (ЕТЖ), ең төменгі зейнетақы (ЕТЗ), ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) сияқты әлеуметтік көрсеткіштер қолданылады. Осыған байланысты төмен жинақтық шек мөлшерін есептеу жыл сайын аталған көрсеткіштердің өсуін ескере отырып жүргізіледі. Қазақстандықтардың бір бөлігі зейнетақы қорындағы жинағын биыл пайдалана алмады. Жыл соңына дейін алып үлгермесе, келесі жылы шеткі сомадан аспауы мүмкін. Сондықтан Үкімет олардың сағын сындырмаудың жолын табуы керек. Әйтпесе бұл халықтың билікке деген сеніміне селкеу түсірері анық.
@baseke_team
Шетелдік блогерлерге ақша шашуды қашан қоямыз?
Алматы әкімдігі шетелдік блогерлерге 28,6 млн теңге қаржы жұмсапты. Protenge каналының хабарлауынша, бұл ақшаға қалаға БАӘ, Ресей, Катар және т.б. елден 20-дан астам блогер келіп кеткен. Бір қызығы әкімдік аттай қалап шақырған блогерлардың аудиториясы анау айтқандай көп емес. Оның үстіне кейбірі арнайы шақыруымен келіп,тегін ішіп-жеп, қаланы араласа да, бірде-бір пост жазбаған. Бұл жаңалықты оқығанда Президенттің «мен не деймін, домбырам не дейді» деп көңілі түсетін болды. Өйткені Тоқаев министрлер мен әкімдерге бюджет қаржысын форум, ивент шараларды пайдаланып, оңды-солды шашуды қойыңдар деп бір емес, бірнеше рет ескертті. Байқаймыз, Сағынтаев әкімдігі Ақорданың ескертуіне «құлақ аспайды» немесе ... Әйтпесе мұндай жөн-жосықсыз шығынға жол бермеуші еді.
Шетелдік туристерді тарту үшін блогерлерді шақырып, пиар жасау бүкіл әлемде бар тәжірибе дерсіз. Алайда алматылықтардың шақырған блогерлерінің жазылушыларының санына қарап, олардың жарнамасынан пайда бар деп айту қиын. 200 мың жазылушысы бар блогердің жазбасы 2 мың лайк пен пікір жинай алмауы күмән тудырмай қоймайды. Ендеше бұл цирк не үшін қажет? Әлде дәл қазір Алматыда шешімін күтіп тұрған мәселе аз ба?
Мұндай жаңалықтар қазақстандықтардың күлкісімен қоса ызасын тудыратынын естен шығармау керек. Күн сайын қымбатшылық қыспаққа алып жатқанда, халық айдаладағы блогерді хандай күткенін естіп кіжініп, шенеуніктерді жерден алып, жерге салады. Оны соңғы рет Варламовтың алдында құрдай жорғалаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың күлкіге қалғанынан-ақ аңғаруға болады. «Қазір той тойлайтын заман емес» дегенді жиі айтатын Үкімет елдегі ірі қаланың әкімдігі бюджет қаржысын блогерлерге бергеніне көз жұмып қарамауы тиіс. Қалай дегенімен бұл халықтың ақшасы.
@baseke_team
"Нұр Отанда" жаңа басшы
Бүгін "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің отырысы өтіп, күні бұрын ел арасында тараған сыбыс расталды. Елбасы, партияның негізін қалаған Нұрсұлтан Назарбаев партия тізгінін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстайтынын мәлімдеді. Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының бастауында болып, оны аттай 22 жыл басқарды. Жалпы, билеуші партияны мемлекеттің саясаты мен стратегиясын айқындайтын Президенттің басқарғаны дұрыс. Бұған дейін солай болып келген. Ерте ме, кеш пе партия жетекшілігі Президентке өтері түсінікті еді.
Тоқаевтың басшылығымен елімізде кешенді әлеуметтік-экономикалық, саяси реформа жүзеге асырылып жатыр. Билікке келеген 2,5 жылдың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев өзін мықты реформатор ретінде көрсетті. Ол өзі ұсынған "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасмын табысты іске асыра білді.
Жалпы, халық оны мемлекетті либераландыру үшін нақты нәтижелі жұмыс істеген басшы ретінде біледі. Оның президенттігі кезінде Парламенттік оппозиция туралы заң қабылданып, митингілерге рұқсат алу туралы талап жойылып, тек бейбіт шеру туралы ескерту тәртібі енгізілді. Одан бөлек, саяси партияларды тіркеу жеңілдеп, оның құрамында 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса жеткілікті деген норма енгізілді.
Сондай-ақ Қазақстан Парламентінде әйелдер мен жастарға 30% арнайы квота енгізілді. Биыл алғаш рет өткен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы оның реформасының жемісі. Оның билеуші партияның басшысы болуы позитивті оқиға деуге болады. Бұл елдегі демократиялық реформалар жалғасын тауып, либераландыру үрдісі үдей түседі дегенді білдіреді.
Демек, барлық қазақстандықтардың Президенттің мемлекеттік бағытының төңірегіне шоғырланып, көздеген реформаларын жүзеге асыру үшін бірлесіп жұмыс істеуі маңызды.
@baseke_team
Интернет алаяқтық өршіп тұр
2021 жылдың 10 айында Қазақстанда интернет-алаяқтыққа байланысты 17 мыңнан астам қылмыс тіркелді. Биыл интернет-алаяқтықтың басым бөлігі хабарландырулар арқылы тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алумен байланысты. Тауар мен қызметті алмай жатып ақша төлеп,сан соғып қалғандардың шағымы бойынша 8,2 мың қылмыс тіркелді. Сондай-ақ 3 мыңға жуық қылмыс микрокредиттік ұйымдардың сайттарында онлайн-қарыздарды ресімдеумен байланысты. Азаматтардың жеке деректерін алғаннан кейін банктік шоттардан ақша қаражатын жымқыру бо йынша 2,3 мың қылмыс тіркелді.
Бүгінде Қазақстандағы интернет алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрі - алаяқтар жәбірленушілерге қоңырау шалып, өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырады. Кейбір жағдайларда жәбірленушілер өз деректерін фишингтік интернет-ресурстарға ерікті түрде енгізді. Нәтижесінде екі мыңға жуық алаяқтық түрлі жобаларға, ойындарға, инвестицияларға, ставкаларға және т.б. тиімді ақша салу сылтауымен жасалған.
Қазір елімізде интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін «Хай-тэк» жедел іс-шарасы өтіп жатыр. айналдырған бір аптаның ішінде 300-ге жуық қылмыс анықталып, бұрын жасалған 440 интернет-алаяқтықтың беті ашылды. Мәселен, Семейдің тұрғыны әлеуметтік желіден құжат жоғалғаны туралы хабарландыру тауып алып, сонымен микро қаржы ұйымдарынан несие алып отырған. Қазір 320 адамның атынан қарыз рәсімдегені анықталды. Ал ол адамдар мойындарына берешек барын білмейді де. Жалпы соңғы 10 айда интернет-алаяқтық қылмысы 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 80% - ға артқан. Тегін дүниенің болмайтынын білсе де, жылдам ақша табудан дәмеленген халық сан соғып қалып жатыр. "Аузы күйген үрлеп ішеді" деуші еді, қазақтың таңдайы пісіп, тілі түсіп қалса да әлі сабақ алар емес.
@baseke_team
Сыныққа сылтау
Күні кеше алдымен әлеуметтік желіде, кейін БАҚ-та ресейлік азаматтың 20 жыл бойы Қазақстанда құлдықта болғаны туралы ақпарат шықты. Онда Алексей Котов деген азамат Қарағанды облысындағы қыстақтың бірінде құлдықта жүргенін айтқан. Оның видеосы әлеуметтік желіде шығысымен облыстық ІІД іс қозғап, тергеуді бастап кетті.
Қазақстандық ақпарат құралдарынан кейін, бұл тақырыпты ресейлік басылымдар іліп әкетті. Бір қызығы осы ақпаратты олар жылдың басты оқиғасы ретінде жариялай бастады. Мемлекеттік агенттіктерде сағат сайын «20 жыл құлдықта болған ресейлік туралы» ақпарат таратуда. Онсыз да, соңғы уақытта Қазақстандағы орыс тілінің тағдырын желеулетіп, «жел қай жақтан соғар» екен деп отырған көршілеріміз үшін таптырмас оқиға. Жерден жеті қоян тапқандай жарыса жазып жатыр.
Тергеу кезінде әлгі азаматтың ұялы телефоны болғаны анықталды. Бір күннен соң ол қыстақта өз еркімен қалып, жұмыс істегенін және кез келген уақытта кетуге мүмкіндігі болғанын мәлімдеп, арыз жазудан бас тартты. Ресей елшілігі мен ІІМ өкілдері келіп, оны Қарағандыдан алып кетті.
Бір қызығы бүгінге дейін әлгі азаматты бір рет іздемеген олар осы оқиғаны саясиландырып, түйедей етіп көрсетуге тырысып бағып жатыр. Тіпті, жәбірленушімен тілдесуге барған журналистердің жұмысына кедергі келтірді. РФ ІІМ өкілі қазақстандық журналистің телефонын тартып алып, түсіріп жатқан видеосын өшіріп тастаған. Осыдан-ақ қарапайым оқиғаны қолдан күрделілендіріп жатқанын аңғару қиын емес.
@baseke_team
Мамай оппозицияның табытына соңғы шегені қағып отыр
Бос сөз бен нақты істің айырмашылығын білгің келсе Жанболат Мамайдың іс-әрекетін бақылау жеткілікті. Бірнеше айдан бері жалған оппозиционер сот залынан шыға алмай жүргенін көріп келеміз. Барған сайын бір қызық қойылым қойып, шетінен сәтсіздікке тап болып, оның оппозициядағы қызметін бақылап жүрген елдің ішін пыстырды.
Бүгін Мамайдың практикасындағы кезекті сот процессі өтті. Онда Жанболат мен әйелі жүргізуші куәлігінен айырылды. Екеуі қазір әлеуметтік желіде бүкіл Қазақстанға зар жылап, бар ашу-ызасын шығарып жатыр. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» демекші, Мамайдың қолында дәлелі жоқ. Сөйте тұра көзіне көрінген танымал тұлғаларға тас лақтыруын қоймайды. Сот процесстеріне дайындықсыз келіп, «өнер» көрсетеді.
Айтпақшы, әу баста Жанболаттың жанында ақыл айтып үш заңгер жүрген-ді. Қазір жалғыз Ерлан Қалиев қалды. Қалған екеуі қашып кетті. Жолы болмаған клиентпен жұмыс істеуге кім құмартсың?Ал Қалиевтің әрекеті есі дұрыс адамды таңғалдырмай қоймайды. Өйткені заңгер дейтіндей білікті емес. Істі сауатсыз жүргізетіні сонша, оның қорғауындағы Мамай күн сайын құлдырап жатыр.
Жанболат тықыр таянғанын сезеді. Бұрын өзін билікті сынағыш, күрескер ретінде әспеттейтін. Қазір әділет жүйесінің құрбаны ретінде көрсетіп, өзіне деген аяныш тудыруды көздейтін тәрізді. Бірақ халық ақымақ емес. Біраз уақыт бұрын Әміржан Қосанов, Ермұрат Бапи, Мұхтар Әбілязовтың соңынан еретін халық. Мамай болса аңғал адамдарды оппозицияның әрекет қабілеттілігіне сендірмеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап бақты. Халықтың наразы тобын адастырып жатыр. Осылайша оппозицияныңі беделін түсіріп, жаназасын шығарды. Бұдан Мамайдың биліктің қолшоқпары екенін аңғару қиын емес. Әйтпесе баяғыда-ақ түрмеге қамайтын еді. Соған қарағанда Мамайдың миссиясы қазақстандық оппозицияның жаназасын шығарып, табытына соңғы шегені қағып беру сияқты.
@baseke_team
Қазақстанның 9 өңірінде көмір тапшы
Қыс түспей жатып бірден тоғыз өңірде қатты отын жетіспейтіні белгілі болды. Облыс әкімдіктері өз тұрғындарының көмірге деген қажеттілігін уақытында бақылай алмай, салдарынан қазір отын жетіспеушілігі байқалып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Алматыда көмір тапшы. Тіпті елдің бас қаласы Нұр-сұлтанның тұрғындары отын таба алмай жатыр. Ведомтство қазір өңірлерге қосымша 487 мың тонна көмір жеткізу жоспарланған.
Биыл жыл басынан бері Қазақстанда көмір концентратын есептемегенде шамамен 88 миллион тонна көмір өндірілді, бұл өткен жылдың деңгейінен 100,2% - ға жоғары. Көмірді елдің ішкі нарығына жөнелту де жоспарлы көрсеткіштерден асып түскен. Жалпы көмір өндірісінің көлемімен бірге, оның бағасы да біртіңдеп көтеріліп келеді. Мәселен, 2021 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша, тас көмірдің бағасы ел бойынша орташа есеппен бір жылда 5,1% - ға өскен. Көмір бағасының көтерілуі екінші жыл қатарынан байқалып отыр. Тұтас алғанда қазір елдегі 17 өңірдің 14-інде көмір бағасы қымбаттады.
Үкімет көмір бағасын ұстап тұру үшін көмір өндіретін кәсіпорындармен келісімге келді. Кәсіпорындар қажетті көлемді өндіріп, тасымалдаушы компаниялар уақытында жеткізіп тұруыға уағдаласты. Жыл сайын қайталанатын проблема. Қылышын сүйреп қыс келмей, алғашқы аяз түсіп жатқанда халық көмір таппай сенделеді. Жергілікті атқарушы органдар ала жаздай не бітіреді? Аумағындағы санаулы халықтың қажеттілігін болжап, бақылай алмайды. Салдарынан жыл сайын маусымдық тапшылық пайда болады.
@baseke_team
Түркі кеңесі ұйымға айналады
Бейсенбі күні Түркия астанасы Ыстамбұлдан ақжолтай жаңалық жетті. Осы уақытқа дейін Түркі кеңесі деп аталып келген консультативтік орган енді ұйымға айналатын болды.
Бүгін-ертең Ыстамбұлда төрткүл түркі әлемінің назарын аударған жиын өтіп жатыр. Бүгін министрлер деңгейіндегі басқосу өтсе, ертең кеңеске мүше елдердің мемлекет басшыларының сегізінші саммиті өтеді. Саммитке 6 түркі мемлекетінің президенті қатысатыны белгілі. Ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
Сегізінші саммит тарихта қалатын түрі бар. Себебі осы саммитте бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылады деп жоспарланды. Соның бірі - кеңесті ұйымға айналдыру туралы құжат. Яғни, енді Түркі ұйымы деп аталатын болады. Бұл туралы Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы мәлімдеді.
Бұл дегеніміз түркі интеграциясының жаңа кезеңі басталады дегенді білдіреді. Әлемде нешетүрлі ұйым бар, бірақ бұл ұйымның біз үшін жөні бөлек. Себебі түбі бір түркі халықтарын тек өткен тарихы мен мәдениеті ғана емес, болашаққа деген көзқарасы мен жоспары да біріктіруі тиіс.
@baseke_team
Қазақстандықтардың дербес дерекері Украинаның сайтында қайдан жүр?
Украина полициясы ТМД-ның бірқатар елдерінің азаматарының жеке деректерін таратқан сайттың жұмысына тыйым салды деген хабар тарады. Ақпаратқа сәйкес, 200 миллионға жуық адамның жеке мәліметтері: аты-жөні, телефон нөмірі, тіркелген жері мен көлік құралдарын пайдалануға байланысты әкімшілік қызметтер туралы ақпарат болған.
Бір қызығы, оның ішінде қазақстандықтардың да деректері болған. Қазір Украина, Молдова, Беларусь, Қазақстан және ТМД-ның басқа да елдерінің азаматтарының дербес деректерін заңсыз сату бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазақстандықтардың жеке мәліметтері ол сайтта қайдан жүр? Цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар қайда қарап отыр?
@baseke_team
Баяғы жартас – сол жартас
Қазақстанның ауасы ең лас қалаларының тізімі жарияланды. «Қазгидрометтің» жыл сайын ауаның ластану деңгейіне жүргізген мониторинг негізінде бірінші ондықта тұрған қалаларды атайтын дәстүрі бар.
2021 жылы 45 өндірістік қалада атмосфералық ауаға жүргізілген мониторинг 10 қаланың ауасы ластанау деңгейі өте жоғары екенін көрсетті. Ол Нұр-Сұлтан, Алматы, Қараганды, Теміртау, Атырау, Актөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент. Бір қызығы, дәл осы қалалар өткен жылы да ластаушы қалалардың тізімінде жүрген. Еш өзгермеген.
Алайда өткен жылы Экология министрлігі еліміздің ластаушы қалаларын аралап, әр өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту үшін жол карталарын қабылдап тастады. Жер-жерде талқылаған болып жиын өткізді. Ол құжатты қабылдағанда өңірдің экологиялық ахуалының жақсаруының кепілі ретінде жарнамалады. Яғни, соған сәйкес ластаушы кәсіпорындар зиянды шығарындыларды азайтып, тозығы жеткен технологияларды жаңартуы тиіс-тін. Аталған жол картасынан бөлек, Экология және табиғи ресурстарды қорғау министрлігінің бұрынғы басшысы Мағзұм Мырзағалиевтың басшылығымен Қазақстанның экологиялық кодексі де қабылданды. Кодекс негізінен ауаны ластаушы кәсіпорындарды айыппұл салып, жазалауды көздейді.
2019 жылы Қазақстан көмішқышқыл газдарының шығарындысы бойынша әлемдегі үздік 30 мемлекеттің ішінде жан басына шаққанда 1,6 тоннамен үшінші орыннан көрінді. 2020 жылы Қазақстанда 241,0 млн тонна зиянды қалдық шығарылды. Мұның барлығы Мағзұм Мырзағалиевтың экология министрлігінің тізгінін ұстаған кездегі көрсеткіштері. Сондай-ақ оның бастамасымен қабылданған өңірлік жол карталарының айтарлықтай нәтиже бергені де байқалмайды. Әйтпесе ластаушы ТОП-тың тізімі жаңаратын еді ғой.
Айтпақшы, Мырзағалиев қазір - Қазақстанның энергетика министрі. Бір жыл бұрын елдің нөмірі бірінші табиғат жанашыры ретінде экология үшін барын салып еді. Енді қазір экологияға зиянын тигізетін АЭС-ті салуға бастамшы болып отыр.
@baseke_team
Ақы & сапа
Қазақстанда 15 қарашадан бастап бірқатар автожолда жүру ақылы болмақ. Бірден 7 учаске бойынша төлем жүйесін енгізіледі. «Қазавтожол» алақанын ысқылап, жүргізушілерден түсетін ақшаны санауға дайындалып отыр.
Бастапқыда көлік иелерінен жол ақысын 1 қарашадан алу жоспарланған еді. Енді екі аптадан соң жүргізушілер үшін елорда-Павлодар, Шымкент-Өзбекстанның шекарасы, Щучинск-Көкшетау, Қапшаған-Талдықорған, Шымкент-Тараз, Тараз-Қайнар мен Шымкент-Қызылорда арасындағы жол учаскелері тегін болудан қалады. Жол ақысы Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау арасындағы тарифпен бірдей болады. Яғни, төлем көліктің түрі мен маршруттың ұзақтығына қарай белгіленеді. Әрине, жолдарды ақылы қылу бүкіл әлемде бар тәжірибе. Алайда, Қазақстанның жолдары ақы төлеуге тұра ма? Әр жүріп өткен сайын ақшаны аямай беретіндей сапалы ма? Жол ақылы болады дегенді естіген есті адамды ойландыратын сұрақтар.
Мойындау керек, елдегі жолдардың санаулысы болмаса, көбінің сапасы сын көтермейді. Соңғы жылдары салынған автобандар болмаса, қалааралық жолдар әр жерінен жамалған құрақ сияқты. Шұрық-тесік трассаларды жөндеуге миллиардтар бөліп жатыр. Ескісі жөнделіп, жаңасы салынып-ақ жатыр. Бірақ әлі де жолдың сапасы сын көтермейді. 2020 жылы Қазақстан автомобиль жолдарының сапасы бойынша рейтингте 141 елдің ішінде 93-ші орыннан табылды. Бізге қарағанда Уганда, Эфиопия мен Моңғолияның жолдары әлдеқайда жақсы бағаланды. Жыл сайын елдегі сапасыз жолдардың салдарынан болатын жол апаты туралы айтпай-ақ қоялық.
2020 жылы Қазақстандағы ақылы жолдардан 5 млрд. астам ақша түскен. Бұл карантин кезінде шектеулер енгізіліп, қозғалыс азайды дегеннің өзінде жиналған қаржы. Алайда, ақшасыз аттап бастырмайтын компания ақша алғанына қарай, жүргізушіге қажетті игіліктерді жасап қойса ғой. Басқасын айтпағанда, астана мен Теміртау арасындағы жолдың бойында қажетін өтейтін дәретхана жоқтың қасы. Біреу бар, оның өзі совет заманындағы әдіспен салынған. Әлде қазақстандықтар қазіргі заманауи дәретханаға лайық емес пе? Сондықтан, жолдың әр шақырымы үшін жүргізушілерден ақша алып отырған компания оның әр тиыны туралы халыққа есеп беруі керек деп ойлаймыз.
@baseke_team
Қазақстандағы ұлтаралық қақтығысты қоздыру кімге керек?
27 қазан күні Алматы облысының Пенжім кентінде мектеп оқушылары арасында төбелес болды. Бұл төбелестің соңы ауылдың 30-ға жуық ересек тұрғынының жаппай төбелесіне әкеліп соқты. Бірнеше жеке үйдің әйнектері мен автокөлік сынды. Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бұл ауданда көбінесе ұйғыр ұлтының азаматтары тұрады. Содан болар әлеуметтік желіде «қазақтар мен ұйғырлар төбелесті» деген ақпарат тарап кетті. Жалпы, тұрмыстық кикілжіңнен туындаған жанжалды желіде бұрмалап тарату әдетке айналып барады.
Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап мемлекет құраушы ұлт – қазақ пен елімізден пана тапқан өге ұлттардың арасындағы татулықты сақтауда бірегей саясатты жүргізе бастады. Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Пост кеңестік мемлекеттердің ішінде ұлтаратық татулықты біздей табысты қалыптастырған бірде-бір мемлекет жоқ.
Байқаймыз, Қазақстандағы тыныштықты көріп тыныш ұйықтай алмайтындар бар сияқты. Соңғы жылдары бәзбіреулер біздегі ұлттарды бір-біріне қарсы қойып,араздық тудыруға тырысып жатқандай. Себебі тұрмыстық жанжал әспеттеліп, ұлт арасындағы қақтығыс ретінде көрсетіле бастады. Бұған қоса, «Қазақстан халқы ассамблеясы таратылсын» деген ұрандар да жиілей бастайды. Бұдан ассамблеяға қарсы соғыстың жұмыс, халықтың оған деген жеккөрінішін қалыптастыру ойыны жүргізіліп жатқанын аңғаруға болады. Елдегі ұлт пен ұлыстардың арасына от жағып, жымысқы саясатты жүргізіп отырған кім?
@baseke_team
Блогерлер жарнаманың жауапкершілігін қашан сезінеді?
Қазақстандық вайнерлер жабылып жарнамалаған қаржылық пирамиданың жетекшісі ұсталды. 26 қазанда Алматы полцицясы Mudarabah Capital комапниясының жетекшісі заңсыз қаржылық ұйым ұйымдастырғаны үшін қамауға алынды.
Бұл ұйымның барын қазақстандықтар білмес еді. Тек қаржы пирамидасының тез танылуына есімі елге белгілі вайнерлер мен продюсерлер үлестерін қосты. Мәселен, инстаграм желісінде танымал вайнерлер - Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов және Әзім Саидбаев «Mudarabah Capital» компаниясы туралы ролик түсіріп, жариялаған болатын. Онда «тиімді исламдық инвестициялар» туралы айтылды. Одан бұрын дәл осы компанияны продюсер Баян Алагөзова да жарнамалап, ақша салуға сенімді компания ретінде ұсынған болатын.
Бұл компания салымшылардан «Самрұқ-Қазынаның» тендерлеріне қатысуға қажетті қаржыны тартқан. Фирма ай сайын әр салымшыға салған соманың 20 пайызын төлеуі керек еді. Алайда ақшаның қызығын тек компания көрді. Бір топ адам полицияға арыз беріп, қылмыстық іс қозғалды. Қазір схеманы ұйымдастырған төрт адам анықталып, оның үшеуі қамауға алынды.
Жалпы, қазақстандық блогер, әнші, вайнерлер әлі күнге дейін өзінің аудиториясын ақымақ көреді немесе оқырмандарының алдындағы жауапкершілікті сезінбейді. Мойындау керек, көп жағдайда блогерлердің жарнамалары халықтың қаржылық шығындарына әкеліп отырады. Бүгінде әлеуметтік желілер еліміздегі тиімді жарнама және табыс көзіне айналды. Жарнаманы жиі жасайтындар оқырманы көп танымал адамдар. Бір қарасаң көйлек, екінші күні БАД, тағы бірде қаржылық пирамиданы мақтап «рекмомендеп» жатады. «Біреуге пайдам тимесе де, кесірім тимесін» деген принцип жоқ.
2020-2021 жыл аралығында қаржы пирамидаларына қазақстандықтар 400 млрд теңге жоғалтқан. Бір қызығы осы күнге дейін заңсыз қаржы ұйымдарын жарнамалаған бірде-бір блогер не әнші жазасын тартпады. Ал дәл аңқау халыққа арамза молданы «атымтай жомарт» етіп көрсететін солар емес пе? Үкімет осы мәселеге назар аударып, блогер, әншілердің әр жарнамасы үшін жауапкершілігін сезінетіндей заң қабылдауы тиіс. Сонда қара халықтың соңғы ақшасын сығып алатын пирамидалар азайып қалар.
@baseke_team
Қазақ қыздары ақша үшін қытайларға бала тауып беріп жүр
Бұған дейін қазақ қыздарының аналық ұрық жасушаларына сұраныстың жоғары екенін жазған болатныбыз. Instagram-дағы ірі пабликтерде хабарлама жиі шығып тұрады. Жасы 28-ге дейін, бала туған, сүйкімді, толық емес, қазақтың қыздарына сұраныс жоғары. Хабарлама беруші компаниялар суррогат ана болуға қажетті әйелдерді іздеп жатады. Бәріне қойылатын талап бір.
Өткен жылы 13 мың долларға бола Қытайлық жұпқа бала туып берген Қазақстан азаматы туралы ақпарат шықты. 28 жасар қазақстандық суррогат ана қызметін көрсеткен. Баланы жасанды жолмен ұрықтандыру үшін ол әйел Камбоджаға барған. Ұрық әйелдің жатырына салынған соң, Ресейге келген. Келісім бойынша айы-күні жетіп босанған кезде баланың биологиялық ата-анасы келіп алып кетуі керек-тін. Алайда пандемияға байланысты шекара жабылып, олар келе алмаған. Ал қазақстандық болса, баланы туған соң сенімхат бойынша суррогат ана болуды сүйемелдеу орталығының басшысына берген. Баланы Ресейде қалдырып, өзі Қазақстанға қайтып келді. 2020 жылдың аяғында әйел ұсталды. Онымен бірге Қытай азаматтарына бала туып берген тағы екі суррогат ана қолға түсті. Екеуі де Қазақстан азаматы. Бұлар Ресейдегі сәби саудасы ісіндегі алғашқы айыпталушылар болып отыр. Қазір әйелдердң жүкітілігін жүргізген репродуктивті орталықтың басшылары мен перзентхана қызметкерлерінен тұратын 10 шақты адамға қатысты қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Белгілі болғандай заңсыз жолмен 20 сәби дүниеге келген. Барлығы да қытайлар.
Қазақстанда суррогат ана болуға 1998 жылдан бастап рұқсат етілген. Суррогат ана мен ата-ана болғысы келетін жұптың арасындағы қарым-қатынас заңмен реттелген. Жалпы, Қазақстан - суррогат ана саласындағы либералдық заңнамасы бар аз елдердің бірі саналады. Себебі баланы тапсырыспен көтерген әйелдің өзі туған балаға ешқандай құқығы жоқ. Яғни, бала туысымен генетикалық анасы ресми түрде баланың анасы ретінде жазылады. Ал оны босанған суррогат ананың оған еш қатысы жоқ деп танылады.
Әлбетте, суррогат ана бола ма, оған қанша ақша алатыны әркімнің өз еркі. Алайда ескеретін бір мәселе бар. Қазақ қоғамы Қытай десе өре түгеледі. Синафибия өршіп тұрғанда өз қазағымыздың ақша үшін олардың санын көбейтіп жатқаны ақылға сыймайды. Қоғам мен билік бұл мәселеге назар аударуы тиіс. Бір қазақтың балалы болуына септігін тигізсе бір сәрі. Шекарамыздың арғы бетінен ұлтымыз үшін қауіп төндіріп тұрған қытайларды көбейтіп жатыр. Қазақтарға ақша үшін жатырын жалға беруге тыйым салмасақ, ертең солардан туған баладан опық жеуіміз мүмкін. Ойланатын дүние.
@baseke_team
Қазақстанда ұлттық рухты қалыптастыруға 119 млрд теңге бөлінеді
Ұлттық жобаның «Ұлттық рухани жаңғыру» деп аталатын бағытын бүгін министр Балаева таныстырды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 119 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды.
Түсінгеніміз, Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ұлттық жоба болып өзгертіліп, кейбір бағыттары біраз толықтырылған. Аты өзгергенімен, заты сол күйі. Ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңарту, ұлттық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерді насихаттау арқылы қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру. Жоба 2025 жылға дейін жоспарланған.
Бағдарлама бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Негізгі басымдық жастарға берілген. Оның ішінде Қазақстан қоғамын қазақыландыру мәселесіне жете мән берілмек. Мәселен, жоба аясында TiJi, Nickelodeon каналдарының өнімдері қазақшаға аударылатын болады.
Жалпы, шетелдік контентті қазақшаға аударуды қолдайтындар да, қарсылар да бар. Министрлік «егер отандық сапалы өнімдерімізді шығаратын болсақ, ол үлкен қаражатты талап етеді. Сол себепті бүлдіршіндер көріп отырған каналдарды қазақшалау қажет» деген пікірде. Сондықтан шетелдік телеарналарды келіссөзге шақырып, 800 сағаттық өнімдерін қазақ тіліне аударып көзделіп отыр. Қазір «Қазақфильм» базасында аударуға кірісіп кетті. Жыл аяғында дейін Nickelodeon және TiJi мультфильмдері қазақша сөйлейді деген сөз.
«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының тиімділігі мен пайдасын уақыт көрсетер. Ең бастысы жобаға жауапты орган – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі науқаншылыққа салынып, тәп-тәуір жұмыстың сүйкімін кетіріп алмаса болды. Бұған дейінгі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын орындаған кезде жіберген сәтсіздіктерінен сабақ алса екен.
@baseke_team
Болашақ әскерилер ереуілге шықты
Кеше бүкіл Қазақстан халқы мерекені тойлап жатқанда Алматыда 200-ден астам жас әскери ереуілге шықты. Құрлық әскерлері әскери институтының 210 курсанты оқу орнын өз еркімен тастап кеткені белгілі болды. Сағат 18.00-ден кейін институтты тасап кеткен төртінші курстың курсанттары болып шықты.
Осылайша болашақ әскерилер оқу орнының басшылығының кадр тағайындауымен келіспейтінін айтқылары келген екен. Жақында онда факультет бастығы ауысқан, жаңадан келгені курсанттарға ұнамаса керек. Олар қазір бұрынғы басшылығын қайтаруды сұрап отыр. Қазір Қорғаныс министрінде комиссия құрылып, тергеу жүріп жатыр. Оқушылардың ата-аналары оқиғадан хабардар.
Әлбетте, өз ойын ашық айтып, келіспейтін тұсына наразылық білдірген дұрыс. Алайда әскердің аты әскер. Онда ең алдымен темірдей тәртіп болуы керек-тін. Атам қазақ «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деуші еді. Қазірден бастап тәртіпке бағынбай, бетімен кетіп жатса, ертең бұл жігіттер елді қайтып қорғамақ?
@baseke_team
Қазақтың жері – қазақтың жаны
Бірер күн бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзі жетекшілік ететін билеуші партияның саяси кеңесін өткізгені белгілі. Кеңесте бірқатар маңызды мәселе айтылды. Алайда халық соның ішіндегі бірерін іліп әкетіп, маңызды дегені тасада қалып қойғандай көрінді. Елбасы «Елдіктің жеті тұғыры» деп аталатын қағидаттарды атаған болатын. Әсірелеусіз айтар болсақ, бұл Назарбаевтың еліміздің дамуының негізгі қағидаттары туралы философиялық ой-пікірлерінің стратегиялық пайымы деуге болады. Онда мемлекеттіліктің негізін құрайтын жеті құндылық екені айтылған. Олар тәуелсіздік, бірлік, жер, отбасы мен дәстүр, ұлттық мәдениет, білім мен еңбек және соңғысы - прагматизм.
Осылардың ішінде жер туралы дәл айтылған. Қазақ үшін жерден асқан қасиетті құндылық жоқ. Ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып келе жатқан бар халықтың қазынасы. Назарбаевтың сөзімен айтсақ «Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым. Тарихымыздағы соғыс атаулының бәрі ел мен жерді қорғау үшін болған». Шынымен де, соңғы 30 жылда ТМД аумағындағы бірқатар мемлекетте жерге қатысты даудың (Таулы Қарабақ, Қырым, Грузия) соңы қантөгіске айналғанын көрдік.
Басқасын жақсылығын айтпасақ та, Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдарында жер мен елдің тұтастығын сақтауда аянбай еңбек еткенін мойындауымыз керек. Ол тәуелсіздікті заң жүзінде ресімдеу, мемлекеттік шекараларды делимитациялау мен демаркациялауды іске асырды. Бабалардан аманат болып қалған, әлемде аумағы бойынша тоғызыншы орынды алып жатқан жерімізді сақтап қалды. Қазіргі Президент Тоқаев та бұл бағыттағы жұмысты жандандырып жатыр. Мәселен, жер шетелдіктерге сатылмайды деген заң қабылдады. Бұл жаңалықты халық бөркін аспанға лақтырып қарсы алды. Ендігі кезек - жерді шетелдіктерге жалға бермеу туралы қаулы шығару. Бүгінде бұқараның биліктен күтіп отырған нақты қадамының бірі осы.
Қазір ұлтарақтай жерге жарымай, миллиондап әлемде босып жүрген ұлттар жеткілікті. Жер мәселесіне бей-жай қарауға болмайды. Әсіресе, жыл сайын мыңдап шетелге кетіп жатқан жастар ойлануы тиіс. Олар Қазақстан деген алып жерді алып жатқан жердің иесі екенін түсінуі керек. Өзіне аманат етіп тапсырылған жерді иесіз қалдырып кетуге болмайды.
@baseke_team
Қазақстан үлкен майнинг фермасына айнала ма?
Қытай өндірушісі Қазақстанға 2 мыңнан астам майнинг фермасын жеткізді. КазТАГ-тың хабарлауынша, Canaan крипто-майнинг қондырғыларын өндіруші Қазақстанға 2000 Avalon майнинг қондырғысын жеткізген. Қытайлық крипто-майнинг қондырғыларын өндіруші Қытай осы сала үшін қатаң ережелер енгізгеннен кейін Қазақстанда өзінің майнинг бизнесін әртараптандыратынын мәлімдеген. Жабдықты жеткізгеннен кейін Canaan компаниясы Қазақстанда бірлескен операцияларды бастамақ. Қазіргі уақытта компания секундына 32 мың терахэшті (TH /s) есептеу қуатын пайдаланады және оларды жақын арада 850 000 TH /s дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Қытайда майнерлерге талап күшейтіле бастағаннан кейін олардың дені Қазақстанға ағыла бастады. Биыл еліміз 8,2% үлесімен биткоиндер майнингі бойынша әлемде 3-орынды иеленді. Бүгінде Қазақстанда ресми тіркелген 50-ден астам майнинг фермасы бар. Ал заңсыз істеп жатқан фермалар одан да көп. Қазақстан Президенті 2021 жылы 24 маусымда майнерлерге салық салу туралы заңға қол қойды. Заңға сәйкес майнинг кезінде тұтынылатын электр энергиясының 1 кВт/сағ үшін 1 теңге мөлшерінде қосымша төлем енгізіледі. Жаңа заң 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Яғни, бір қарағанда бұл елімізге келетін жаңа майнерлер үшін кедергі болуы мүмкін. Алайда бүкіл әлемде майнингке бақылауды қатаңдату процесі жүріп жатқанын ескерсек, біздегі жағдай әлдеқайда тиімді әрі қолайлы болып отыр.
Жаңа, экономикалық жағынан тиімді саланы дамытқан жақсы. Майнинг мәселесі бір қарағанда зиянсыз, тіпті экономикалық тұрғыда пайдалы болып көрінуі мүмкін. Алайда елімізде онсыз да энергия жетіспеушілігі туындап жатқанын естен шығармау керек. Мәселен, тек қараша айының басында «Қазақстанның бірқатар өңірінде электр энергиясын беру кезінде шектеулер енгізілуі мүмкін» деген хабарламалар пайда болды. Энергия тұтынудың күрт өсуі елдегі криптовалюта майнингінің өсуімен тікелей байланысты. Үкімет бұл мәселеге назар аударып, майнерлерді қолдайтын әрі өз халқын жарықсыз қалдырмаудың амалын табуы тиіс.
@baseke_team
Майнинг деп жүріп жарықсыз қалмайық
Нұр-Сұлтанда заңсыз жұмыс істеп жатқан майнинг фермасы анықталды. Заңсыз іске қосылған майнинг фермасы жекеменшік компанияның біріне тиесілі екені анықталды. Бір қызығы, электр энергиясын қосуға «КЕGОС» АҚ Ақмола өңірлік филиалы рұқсат берген. Аталған ферма өз қызметі туралы цифрлық даму саласындағы уәкілетті органдарын хабардар етпей-ақ істеп келген. Қазір рұқсат берген компанияға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр.
Жалпы, Қазақстанда «сұр» майингтік фермалардың электр желілеріне қосылуына тыйым салынған. Энергетика министрлігі заңсыз мұндай фермаларды анықтап, оларды электр желілерінен ажыратып жатыр. Соңғы уақытта Қазақстанның бірнеше облысында жарық сөніп қалатынды шығарды. Билік пен тасымалдаушы оператор да электр қуаты тапшылығын криптовалюта өндірісімен айналысатын майнерлердің күрт көбеюімен байланыстырады. Мамандардың есебінше, орта дейгейдегі бір майнинг фермасы 24 мың пәтерді қамтамасыз етуге кететін энергияны тұтынады.
2021 жылы сәуірде Қазақстан 8,2% үлесімен биткоиндер майнингі бойынша әлемде 3-орынды иеленді. Бүгінде елімізде ресми тіркелген 50-ден астам майнинг фермасы бар. Ал заңсыз істеп жатқан фермалар одан да көп. Қазақстан Президенті 2021 жылы 24 маусымда майнерлерге салық салу туралы заңға қол қойды. Заңға сәйкес майнинг кезінде тұтынылатын электр энергиясының 1 кВт/сағ үшін 1 теңге мөлшерінде қосымша төлем енгізіледі. Жаңа заң 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Яғни, бір қарағанда бұл елімізге келетін жаңа майнерлер үшін кедергі болуы мүмкін. Алайда бүкіл әлемде майнингке бақылауды қатаңдату процесі жүріп жатқанын ескерсек, біздегі жағдай әлдеқайда тиімді әрі қолайлы болып отыр.
Қазір Қазақстанда энергия тапшылығы жоқ. Алайда майнерлердің қызметінің нәтижесінде қазір жетіспеушіліктің алғашқы белгілері байқалады. Тоқты заңсыз әрі аса көп мөлшерде пайдаланып отырған фермалардың кесірінен жарық жиі өшіп, зардабын халық көріп отыр. Үкіметтің майнерлердің мәселесіне назар аударатын уақыты жетті. Олардың көбейгені салыққа қосымша түсім ғана емес, электр энергиясының дағдарысына себеп болуы бек мүмкін. Майнинг деп жүріп, жарықсыз қалып қоймайық.
@baseke_team
Қазақстанға террористер мен педофилдер кіргізілмейді
Қазақстанда педофилдер мен террористердің кіруіне тыйым салатын заң қабылдануы мүмкін. Бүгін Мәжіліс депутаттары көші-қон заңнамасын жетілдіру жұмысына кірісті.
Жаңа заң жобасында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстары үшін сотталған адамдардың біздің елге кіруін, азаматтығын алуын шектеу, экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салу көзделген.
Сонда осы уақытқа дейін құзырлы органдар елімізге террористер мен педофилдердің емін-еркін кіріп-шығуына рұқсат беріп келген бе?
@baseke_team
Судың да сұрауы болады
Қазақстанда әр отбасыға су өлшеніп берілуі мүмкін. Бүгін министр Бейбіт Атамқұлов Үкіметте отбасының су тұтынуын анықтауды және сараланған тарифтер белгілеуді ұсынды.
Суды шашпай үнемдеу мен халықты тіршілік көзін ұқыпты пайдалануға ынталандыру күн тәртібіндегі мәселе. Үкімет қолайлы өмір сүру үшін жеткілікті оңтайлы тұтыну нормасын айқындай отырып, сараланған тарифтерді енгізуді жоспарлап отыр. Ол үшін елдің барлық өңірлерде су тұтынуға кешенді талдау жүргізіліп, соның негізінде отбасына оңтайлы тұтыну нормасы айқындалады. Осылайша ауыз сумен жабдықтау өндірісі мен ағынды суларды тазарту шығындары оңтайландырылады.
Қазір билік 2025 жылға дейін Қазақстанда халықтың сапалы ауыз суға жүз пайыз қол жеткізуі қамтамасыз етілуі тиіс деген жоспар қойып отыр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік елде 94,1% құрады, оның ішінде: ауылдарда – 90,1 %, қалаларда - 97,5%. Жыл соңына дейін ауылдарда – 91,8%, қалаларда – 98% жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу қажет.
Жалпы, Үкіметтің әр отбасыға қажетті суды өлшеп беру туралы бастамасы күлкілі көрінуі мүмкін. Бірақ біздің халық ас та төкті, тіпті кейде ысырапты жақсы көреді. Ал шынайтуында, су тапшылығы өте күрделі мәселе. Үлкен қалаларда проблема жоқ шығар, бірақ ауылды жерлерде, әсіресе егіншілікпен айналысатын адамдар мәселенің қаншалықты өзекті екенін жақсы біледі.
Соңғы 2-3 жылда қуаңшылық байқалады. Оған қоса елдегі су қоймаларының көбі трансшекаралық өзендерден келетін суға тәуелді. 2020 жылы «Қазгидрометтің» көп жылдық бақылау негізінде жасалған бағалауы бойынша еліміздің тау көлдерінде қар жамылғысы айтарлықтай төмендеген. Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің көптеген су қоймаларында су деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді және бұл үрдіс соңғы үш жыл бойы сақталды. Мамандар 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 50% жетуі мүмкін деп отыр. Яғни, халық суды үнемдеп жұмсауды үйренуі керек. Ал Үкімет халықты ынталандыру шараларын қолға алуы тиіс.
@baseke_team
Баға бетімен кетпесін десе...
Жаңа жылдан бастап ет қазақстандықтардың тісіне емес, түсіне кіретін сияқты. Мамандар Қазақстандағы ет бағасының қымбаттауы 2022 жылдың басында үдейді деп отыр.
Бұған дейін биыл еліміздің бірқатар өңірінде болған қуаңшылықтан соң ет бағасы өседі деп айтылған болатын. Алайда ол кезде қымбатшылық жем-шөп бағасының жоғарылығымен байланысты болып еді. Мыңдаған мал арам қатты. Тірі қалғаны көтерем. Ал оны асырау арзан емес. 20 келілік сұлының бағасы 500-700 теңгеге қымбаттады. Шаруалар жаппай қолдағы малды тапсыра бастады. Қазір күздік пен соғымның маусымы екенін ескерсек, сатылымға қойылған мал көп.
Әдетте өсім үшін аналық малды алып қалуға тырысатын шаруалар олардан да құтылуға асығып жатыр. Ұрғашы малдың жаппай сатылуы алдағы жылдары елдегі мал басының азаюына әсер етпей қоймайды. Қазір маусым кезінде арзан деген еттің өзі 3 мың теңгенің айналасында сатылуда. Алдағы жылдың бірінші тоқсанында ет бағасы 4 мың теңгеге барады дейді мамандар. Етпен бірге сүт өнімдері де қымбаттауы мүмкін. Себебі жем-шөп бағасына жанар-жағармай бағасы қосылады.
Қазақстанның Ет одағының болжамы бойынша, егер мемлекет жем-шөпті жеңілдікпен несиелендіру және субсидиялау мәселесін шұғыл шешпесе, «аналық мал басының 30% - на дейін қазір сатылып кетуі мүмкін». 1 қазандағы жағдай бойынша елдегі етті және етті-сүтті аналық мал басы шамамен 1,73 млн-ға жеткенін ескерсек, 500 мыңға жуық сиыр сойылуы ықтимал.
Билік бензин мен жем-шөп бағасын реттеп, фермерлердің шығының субсидиялау тетігін қарастыруды тездетпесе, баға бетімен кететін сияқты. Бағаның өсуі жақсылыққа әкелмейді. Халықтың қалтасына салмақ болып, оның арты әлеуметтік наразылықты күшейтері сөзсіз.
@baseke_team
Саланың орнына сектаны дамытып жатыр ма?
qonaev.info порталында жарияланған бір материал назарымызға ілікті. Қазақстандағы цифрландыру саласындағы кемшілік пен оған бөлінген қаржының желге ұшқанын жазыпты. Шынымен де, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде проблема жеткілікті.
Коронавирус пандемиясы кезінде бөлінген қаржының көбейгеніне қарамастан, шешімін таппаған мәселе шаш етектен. Ауылды айтпағанда қаладағы медициналық мекемелер интернетсіз отыр, ірі кәсіпорындардағы автоматтандыру көрсеткіші әлі де төмен. Есесіне, министрліктің шығыны мен бюджет қаржысын игерудегі көрсеткіші жаман емес. Мәселен, жақында ас та, төк қылып Digital forum өткізді. Қалай айтсақ та, Президенттің вице-министрлердің жұмысын сынға алатындай-ақ.
Бәлкім, бұл ведомство басшылығының дінге беріліп кеткенідігінің салдарынан болып отырған шығар. Мысалы, Мусиннің орынбасарларының бірі Асхат Оразбек - бахаист. Бахаист дегеннің кім екенін білеймейтіндер үшін, ол – діни сенімді ұстанатын адам, тіпті секта деп атауға болады. Бүкіл адамзаттың рухани бірлігін ұран еткен ең жас әлемдік дін саналады. Бұл сенімнің негізін қалаушы Баһаулла Алланың адамзатқа аян беріп жіберген Ибраһим, Мұса, Будда, Заратустра, Кришна, Иса, Мұхаммед елшілерден құралған тізбектің жалғастырушысы деп жарияланған. Дұрысы өзін-өзі жариялаған. Мұқым ислам әлемі Алланың соңғы елшісі, адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.ғ.с) екенін біледі. Дәл қазір ешкімге зияны жоқ болса да, қазақ үшін бұл сенім жат.
Жалпы, соңғы уақытта мемлекеттік органдардағы шенеуніктердің дінге берілуі, насихат айтуы сәнге айналды. Әсіре діншіл болып біреулер салафизмді ұстанса, енді біреулері секталарға қосылып жатыр. Әрі онысын жасырмайды. Конституцияда Қазақстан зайырлы мемлекет екені жазылған. Ал мемлекет пен дін бір-біріне тәуелді емес дегенімен, мемлекеттік органдардың жетекшілері, топ-менеджерлері түрлі ағымдағы дінге кетіп жатыр. Әлбетте кімнің қай дінге сеніп, ұстанатыны өзі шешеді. Алайда қысқа балақтылар мен ұзын сақалдылар деп, уахабтар мен сәләфтармен айқасып жүргенде үн-түнсіз баһайлар шығып жатыр. Бұл салаға назар аударатын уақыт жеткен сияқты. Мемлекеттік органдарда түрлі ағамдар мен секталарға орын жоқ. Шенеуніктер мемлекеттік органдарда әсіре діншілдікті уағыздамай, мемлекеттік мәселелерді шешуі тиіс.
@baseke_team
Апат айтып келмейді, бірақ...
Кеше Қарағанды облысындағы Абай шахтасында метан газы тарап, жарылыс болды. Оқиға кезінде шахтада 34 адам жұмыс істеп жатқан. Кеншілердің көбі уақытылы эвакуциаланды, алайда кенжардағы 8 адамның алтауы сол жерде жан тапсырды. Олар құтқару құралын киіп үлгермей қалған. Тағы екеуі қазір ауыр халде ауруханада жатыр. Адам өлімі болған аталған апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Жалпы, бұл Қазақстан шахтасында болған алғашқы жарылыс емес. Елдегі шахталардағы апаттарда 150-ден астам кенші жан тапсырды. Тіпті, екі жарылыстан соң, қаза болған кеншілерді еске алып, көңіл айту үшін елде қаралы күн болды. Сол азалы күннің бірі 2008 жылы 11 қаңтарда дәл осы Абай шахтасындағы апаттан кейін жарияланды. Кендегі метан жарылып 30 шахтер қайтыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 191 адам болған. Құтқарушылар 161 шахтерды шығарып, 23 адамның денесі жер астында қалды. Соңғы оқыс оқиға бұл шахтада 2017 жылы орын алып, 3 жұмысшы көз жұмды.
Назар аударатын мәселе, биыл мамыр айында Қарағанды облысы бойынша өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің ескерту хаты негізінде сот органына аталған шахтаның жұмысын тоқтата тұру қажеттігі туралы материал жолдаған. Материалдар тапсырылып, ТЖ қызметкерлері қорытынды тексеруге шыққаннан кейін экономикалық сот шешімімен кен орнында жұмыс тоқтатуға негіз болатын кемшіліктер жойылғандықтан, жұмысын жалғастыруға рұқсат берілген. Оқиға орнында жүрген Төтенше жағдай министрі Ю.Ильин алдағы уақытта шахтаның әрі қарай жұмыс істеуі ондағы метан қабаттарының, жалпы шахтаның жағдайына байланысты екенін айтып отыр.
Бұл шахта - «Arcelor Mittal» компаниясына тиесілі. Соңғы жылдары компанияға қарасты кен орындарында жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігіне байланысты мәселе көп көтеріліп келеді. Мәселен, 2017 жылы «Arcelor Mittal»-дың Шахтинск қаласындағы шахталарының 400-ден астам кеншісі жалақысын көтеріп, еңбек қауіпсіздігін жақсартуды талап етіп ереуілген шыққан еді. Қазір облыс әкімдігінің бастамасымен компанияға қарасты барлық 8 шахтадағы жұмыс тоқтатылды. Алайда шамалы уақыттан соң, мәселенің ақ-қарасы анықталмай жатып, ол шахталарда қайта жұмыс басталмайтынына кепіл жоқ. Апат айтып келмейді, бірақ соны болдырмауға да болатын шығар.
@baseke_team
Тарихи қорғандар қоқыстың астында жатыр
Алматыдағы сақ қорғандары қоқыстың асында қалды. Қоғам белсенділері дабыл қаға бастады, деп жазды Информбюро. Жарты жылдан бері Боралдай музей-қорығының жанындағы қорымда апаттық қоқыс үйінділері пайда болған. Қоқыс полигонынан 200 метр жерде жаңа жұқпалы ковидті аурухана тұр.
Әкімдік «аталған қорғандар қазір иесіз, оны қорғап, бақылап жатқан ешкім жоқ» деп отыр. Ол аумақта төрт қорған бар, оның біреуі бұзылып біткен. Қалғандары қоқыс араласып жатыр.
Қорғандар индустриялық аймақта болғандықтан, оның тазалығына жауапты коммуналдық компания оны тазартпайды. Қаладағы барлық қорғандар археологиялық ескерткіштердің тізімінде бар. Сонда тарихи ескерткіштерді қорғаумен айналысатын жергілікті органдар көз алдарында болып жатқан мәселені көрмейді ме?
Жалпы, мемлекет археологиялық ескерткіштерді тауып, қазып, сақтау мақсатынада қыруар жұмыс істеп жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бар. Алайда тарихи жәдігерлерді сақтап қалу үшін қаржы жеткіліксіз. Халықтың жанашырлығы мен жауапкершілігі керек. Сан ғасырлық қорымның үстінде қоқыстың үйіліп жатуы халықтың санасы жетілмегенінің көрінісі емес пе?
фото informburo.kz
@baseke_team
Журналистер жалақысыз қалған соң...
Дүркіреп ашылған Түркістан телеарнасы қызметкерлері жалақы ала алмай жүр. Қазақстанда жақында ашылған ulysmedia порталы таратқан мәліметке сенсек, жарты жыл бұрын облыста «Turkistan Media Holding» деген атаумен ашылған медиа холдинг бірнеше ай бойы жұмыскерлеріне еңбекақы төлемеген. Тіпті, ақысыз жұмыс істеуге шыдамаған 15-ке қызметкер жұмыстан кеткен.
Аталған холдингті ашу үшін аз ақша бөлінген жоқ. Тіпті оның халықаралық таныстырылымы сән-салтанатпен өткенін жұрт біразға дейін айтып жүрді. Су жаңа ғимара салып беріп, түркі әлеміне ортақ тың жобалар қолға алынады деп еді. Алайда көп мақтаған холдингтің аты жарты жылдың ішінде теңдессіз жобалармен емес, еңбек дауымен шығып отыр. Холдинг басшылығы айлығын талап еткен журналистерге жалақының орнына сөгіс беріп, енді қайталанса жұмыстан шығарылатынын ескерткен. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің идеология, әлеуметтік мәселелері бойынша орынбасары Сәкен Қалқаманов мәселені қарамағындағы Қоғамдық даму басқармасына сілтеп, ал басқарма қаржыны бөлетін қазыналық кәсіпорынға жапқан. «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» өзі.
Бір қызығы, бұл холдинг мемлекеттік сатып алу порталы арқылы бірнеше тендерден тапсырыс алған екен. Мәселен, шілде айында Қоғамдық даму басқармасы 145 млн 725 мың теңге шамасында келісім-шарт жасасқан. Қайта түлеген Түркістан мен оның әкімі Шөкеевтың оң имиджін қалыптастыру үшін маңдай терін төгіп жүрген журналистер жалақысыз қалған соң, қара халықтың жағдайын елестету қиын.
@baseke_team
Қазақстан жанармайға жарымай отыр
Қазақстанда жанар-жағармай дағдарысы басталған сияқты. Кеше елдегі әуе компаниялары бірінен-соң бірі әуе тасымалы тоқтатылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ елордалық әуежайдың үздіксіз жұмыс істеуіне қауіп төніп тұр. Әуе айлағы қазіргі уақытта елдегі авиа жанар майын қамтамасыз ету жағдайы өте күрделі, тіпті тұрақты жолаушылар рейстеріне де отын жетіспей жатқанын мәлімдеді.
Бұл проблеманы қазан айының басында Air Astana әуе компаниясы көтерген болатын. Авиатасымалдаушы Қазақстанда өндірілетін отынның аз қоры мен жеткіліксіз көлеміне шағымданды. Қазір SCAT әуекомпаниясы да лаңдаушылық білдіре бастады. Ұшақ керосині айтарлықтай азайғанын айтып, жанармай мәселесі билет бағасының өсуіне әкелуі мүмкін деп ескертті. Компанияның мәліметін сәйкес, Қазақстанның үш қаласында жағдай ушығып кеткен. Ақтауда отын қоры алдағы төрт күнге, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтанда екі күнге ғана жетеді. Қазақстандағы көптеген әуежайда компанияның жанармай қоры сарқылған. Қазір әуе тасымалаушылары азмөлшердегі отынды қымбат бағаға сатып алуда. Егер Үкімет мәселеге араласпаса, әуе тасымалы азаюы мүмкін. Ал тасымал болған күннің өзінде билет бағасының қымбаттауына әкеліп соғады. Себебі авиация жанармайы билет құнының кемінде 40%-ін алады. Демек бұл жағдайда зардап шегетін халық.
Энергетика министрлігі қыркүйектің басында елдегі барлық әуежайлар мен компанияларға авиация отынын шығаратын Павлодар мұнай-химия зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары туралы ескерттік деп отыр. ведомство әуежайларға қажетті отын көлемін тек ірі ғана емес, шағын жеткізушілерден коммерциялық бағамен сатып алуға кеңес бергеннен арыға бармады.
Павлодар мұнай-өңдеу зауытының жөңдеуге жабылғаны елдегі жанар-жағармай дағдарысына әкеліп соқты. Жалпы, осы күзде отын тапшылығына авиаторлардан бөлек автобус парктері мен жүк көліктері де шағымдана бастады. Мәселен, өткен аптада Қарағандының қоғамдық көліктерінің қозғалысында қиындық туындады. Әкім Жеңіс Қасымбек өңірде жанар-жағармай қоры қалыптаспағанын айтты. Алматыда алғашқы қар түскен күні қаладағы көліктер от алмай қалды. Оның үстіне бағасы да шарықтап кетті. Қазір ел аумағында дизель отынының бір литрі 300-320 теңгеден сатылып жатыр. Оның өзі тек талон негізінде, бір қолға 100 литрден артық берілмейді. Бұлай жалғаса берсе жүк көліктерінің жүргізушілері қысқа қарай жолға шыға алмау қаупі бар.
Қазақстан мұнайлы ел дейміз. Сөйте тұра жанармайға жарымай отырмыз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бұл мәселеге назар аудармаса, жағдай ушығып салдары әлеуметтік толқуларға әкелуі мүмкін.
@baseke_team
Антиваксерлер оқушылармен ойнайын деді
Антиваксерлер мектептерге ауыз салды. Айна Бакеева бастаған вакцинаға қарсы азаматтар елорда мектептеріне баса көктеп кіріп, "балаларға мәжбүрі түрде вакцина салып жатыр" деген қауесет тарата бастады.
Әлеуметтік желілерде елордадағы бір мектептің ішінде түсірілген видео тарап кетті. Видеодан орындықта отырған балаға дәрігерлердің көмектесіп жатқанын анық көруге болады. Ал оқытушылар мен қызметкерлер білім беру мекемесіне кіріп келген адамдарды тоқтатуға тырысқан. Солардың бірі - қазақстандықтарды вакцина алмауға үгіттеп жүрген Айна Бакиева.
Белгілі болғандай, бұл оқиға 5 қазанда астанадағы №58 мектепте болған. Дене шынықтыру кезінде 9 сынып оқушысының басы айналып, денсаулығы нашарлаған. Мектеп мұғалімдері дәрігер шақырып, балаға көмек көрсетіп жатқанын көрген антиваксерлер ақпаратты бұрмалап тарата бастады.
Бір қызығы Бакиева мектепке келгенде өзін сонда оқитын оқушының ата-анасы ретінде таныстырып, тіпті Ashyq қосымшасы арқылы өтуден де бас артқан. Қазір мектепте жанжал шығарған әйелдердің үстінен арыз жазылды.
Жалпы, бұл халықтың вакцинаға қарсы тобының алғашқы жанжалы емес. Бұған дейін антиваксерлер үкіметке дейін барып айқай көтерген болатын. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерін соққыға жыққан еді. Жақында Қазақстанға 4 млн Pfizer вакцинасы келеді және оны жүкті әйелдер мен балаларға салады деген ақпарат тарады. Осыған орай вакцинаға қарсы қауым "мектеп оқушыларын мәжбүрлеп егіп жатыр" деген жалған ақпарат таратып, оқушылардың ата-аналарын манипуляция жасауға тырысып бағуда.
@baseke_team
«Жаман үйді қонағы билейді»
Қазақстан қоғамы үшін маңызды әрі күрледі тақырыптың бірі – АЭС мәселесі. Президент Жолдауын жариялаған күні «АЭС салу мәселесін зерттеу керек» деген тапсырма берді.
Қазақстанда АЭС салуға қоғамның көзқарасы екітүрлі. Бірі атом стансасын салуға түбегейлі қарсы. «Қазіргі билік пен жүйе ондай жауапкершілікті мойнына алуға әлі дайын емес» деген пікірде. Қорқатын жөні де бар. Осы уақытқа дейін қолға алынған ірі жобаның (ЭКСПО, ЛРТ) қайсысын алсақ та, коррупциялық дауға ілікті. Екінші жағынан меморгандардың салғырттығы тұр. Оның дәлелін алысқа бармай-ақ Арыс пен Тараздағы жарылыстың салдарынан байқауға болады.
Қазақстандағы БЭЖ жүйелік операторының деректері бойынша, елде электр энергиясын тұтынудың аномальді қарқыны байқалады. 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9 айда энергия тұтынудың өсуі 7,2 пайызды, бұл ретте оңтүстік аймақ бойынша - 11,8 пайызды құрады. Қазір Қазақстанда энергия жетіспеушілігі жоқ. Алайда қолданыстағы қондырғылардың тозығы жеткен. Арагідік істен шығып тұрады. Мәселен, осы жылдың басында Атырау халқы жарықсыз қалып, өңір басшысы сөз естіген болатын. Жақында Екібастұздағы ірі энергоблоктар апатты түрде өшірілді. Алайда энергияны оңды-солды қазіргідей пайдалану жалғаса берсе, тапшылыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан жарықсыз қалмауға қамдану керек.
Байқаймыз Қазақстанда АЭС салу мәселесіне келгенде көрші Ресейдің көздеген мүддесі бар. Әрі оны өздері жасырмайды да. Қазір Мәскеу «Қазақстанға АЭС-тің қажеттілігі туралы» ақпараттық-идеологиялық жұмысты күшейтіп жатыр. Ресейлік БАҚ-та күнде болмаса да, аптасына 1-2 рет осы тақырыпқа арналған материалдар жарық көруде. Ресейдің бұл тақырыпты жиі көтеріп, «ақылын» тықпалауы – халықтың АЭС тақырыбына деген наразылығы мен қарсылығын үдетпесе кемітпесі анық. Тіпті, есім-сойы елге белгісіз сарапшысымақтары ақыл айтып, «көмектерін» ұсынып отыр. Бұл қай сасқандары? АЭС салу немесе салмау біздің еліміз– Қазақстанның ішкі мәселесі. Оны қалай салып, кімге салғызарымызды өзіміз шеше аламыз деп ойлаймыз. Еліміздің ішкі мәселесіне араласуға кім рұқсат берді? Көршіміздің біздің мемлекетіміздің ішкі ахуалына басы ауыртып, балтыры сыздамай-ақ қойсын. «Жаман үйді ғана қонағы билейді». Ал Қазақстан қонақ келіп билейтіндей иесіз ел емес!
@baseke_team
Бизнес бастаймын деп бармақ шайнап...
Бірнеше қазақстандық қыз-келіншек бизнес бастаймын деп бармақ шайнап қалды. «Кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретемін» деген жарнамаға сеніп, Түркияға кеткен әйелдер далада қалдық деп дабыл қақты.
Кешеден бері заңгер Айгүл Орынбек әлеуметтік желіде мәселе көтеріп жатыр. Заңгерге Түркияға сауда бизнесін үйренеміз деп кеткен бірнеше қазақстандық әйел хат жазған. Белгілі болғандай, Ұлдана Ерқасымқызы есімді кәсіпкер Қазақстаннан бірнеше адамды оффлайн оқуға шақырған. Тегін емес әлбетте. Бір айлық курс үшін қатысушылар 700 мың теңгеден төлеген. Ыстамбұлға «баюды үйренемін» деп барғандар де-факто жер сипап қалған. Қазір бірнеше қазақстандық Ыстамбұлдың полицияға арызданды. Ол жаққа бару үшін кейбіреуі кредит алған.
Заңгердің дабылынан кейін мәселені ІІМ бақылауына алып, қазір Маңғыстаудан Түркияға «оқуға» жіберумен айналысқан бір азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Жалпы, қазақстандықтар алаяқтарға жиі алданатын болған. Тек биыл 9 айда алаяқтық бойынша 31,9 құқық бұзушылық тіркелген. Келтірілген залал құны - 40 млрд теңге. Оның жартысына жуығы интернет алаяқтыққа келеді. Бұл статистиканың ішінде «миллионер боламын», деп Ыстамбұлға ағылып далада қаңғып қалып жатқан әйелдер әзірше жоқ.
Қазақстан қоғамындағы инфосығандар мәселесіне назар аударып, реттейтін уақыт жеткен сияқты. Инстаграмдағы жазылушылары 100 мыңнан асқан екінің бірі коуч, психолог болып елге ақыл айтып, ақша табуды кәсіпке айналдырған. Өкініштісі, соларға таңдай қағып, алданып жүргендердің бәрі дерлік өзіміздің қазақтар. Қазақстан тәжірибесінде қаржы пирамидасы, желілік маркетинг, алаяқтықтың небір түрін көрді. «Аузы күйген үрлеп ішетін еді». Алайда қазекемдердің ауызы күймек түгелі, таңдайы пісіп жатса да, әлі сабақ алар түрі жоқ.
@baseke_team