Объективно и достоверно о политике Казахстана. Мы поведаем о том, что другие не могут рассказать или боятся.
Дәрігерлердің ерлігі елеусіз қалмауы тиіс
Қасіретті қаңтар деген атаумен тарихқа енген Алматыдағы қайғылы оқиғалар кезінде қызметіне адал болған адамдар туралы айтқанда медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше атап өтілуі тиіс. Себебі қалада дүрбелең орнап, қақтығыс салдарынан зардап шеккен жандарға алғаш болып көмекке келген ақ халаттылар. Алаңдағы қақтығыс пен әкімшілік ғимараттарды қирату кезінде жарақаттанған адамдарға көмек көрсету кезінде бірнеше жәдел жәрдем бригадасының қызметкерлері соққыға жығылды. Соған қарамастан, олар көмек көрсетуін тоқтатқан жоқ. Қаладағы жағдай ушығып, жараланғандар саны сағат сайын көбейе түсті. Сол кезде қаладағы барлық медициналық мекемелер жұмысын тоқтатпай, керісінше күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті.
Мәселен, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қызметкеріне қаңтардағы террорлық шабуылдың салдарымен күресуге тура келді. Себебі аурухана жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен науқастарды қабылдаған бірден бір мекеме. Алдымен әдеттегідей қатардағы науқастар жеткізілген. Түнгі 12 ден кейін жағдай өзгерді, дейді дәрігерлер. Өйткені бірінен соң бірі түрлі жарақат алған әскерилер мен полицейлер түсе бастаған. Аурухана басшылығы қосымша медициналық бригада әзірлеп, сол түні кезекшілікте болған барлық дәрігерді жұмылдырып, жедел әрекетке көшті.
Экстремистер әкімшілік ғимараттар мен бизнес нысандарды қиратумен қатар, медициналық нысандарды да басып алмаққа әрекет еткені белгілі. Алматының №7 ауруханасына белгісіз біреулер шабуыл жасап, аурухананың жұмысын тоқтатуға тырысқан. Ол кезде ауруханада 500 жуық науқас болған. Арасында алаңда бұзақылар соққыға жыққан әскерилер мен полицейлер де болды. Науқастарды қабылдау бөліміне баса көктеп кірген қарулы азаматтар спирт пен дәрілік заттарды талап еткен.
Бұзақылар аурухананың терезесін атып, дәрігерлерді қорқытуға тырысқан. Дәрігерлер науқастарды қауіпсіз жерге көшіріп, соның арқасында адам шығынын болдырмады. Белгілі болғандай, шабуыл кезінде аурухананың реанимациялық бөлімінде қаладағы қақтығысқа қатысқан 13 адам жатқан. Оның біреуі көп ұзамай жан тапсырды. Дәрігерлердің айтуынша, ауруханаға шабуылдаған қарулы адамдар өзара рациямен қазақ, орыс тілінде емес, басқа түсініксіз тілде сөйлесіп отырған. Олар аурухана жұмысын тоқтату үшін бірнеше рет оқ атып, граната жарғанымен дәрігерлер науқастардың өміріне араша болуын тоқтатпады. Антына адал болып, қиын кезеңде науқастардың өміріне араша болған ақ халаттылардың ерлігі мақтан етуге лайық. Дәрігерлердің ерлігі елеусіз қалмауы тиіс.
@baseke_team
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
«Nur Otan» партиясы Президент Тоқаев қойған әлеуметтік-экономикалық саладағы нақты міндеттерді орындауға өзінің бүкіл ресурстарын іске қосты. Бұл туралы «Nur Otan» Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бейнеконференция байланыс режимінде барлық өңірлік филиалдармен өткізген жиналыс кезінде мәлімдеді. Партияның Мәжілістегі фракциясы Президент атап өткен мәселелерді орындаудың заңнамалық негізін қамтамасыз ету ісіне кірісіп кеткен. Мәслихаттардағы депутаттар жер-жерде халықпен тікелей кездесіп, түсіндіру жұмыстарына белсене атсалысып, сондай-ақ қиратылған инфрақұрылымдарды қалпына келтіруге үлес қосуда. Соңғы жағдайларда партияның қоғамдық қабылдаулары осы күндері тұрақты жұмыс істеді. Партия белсенділері «Халық сақшысы» қоғамдық дружиналар сапында Алматы қаласында қоғамдық тәртіп орнатуға атсалысып, әскерилерге, полиция және коммуналдық сала қызметкерлеріне көмектесті. Сонымен қатар, партия еріктілері тек Алматы қаласының өзінде 155 млн теңгеден астам сомаға әртүрлі көмек көрсеткен.
Бауыржан Байбек партияның барлық мүмкіндігі мен күш-жігері Президент алға қойған мақсат-міндеттердің сапалы орындалуына жұмылдыру керектігін атап өтті. Оған қажетті тетіктің бәрі билеуші партияда бар. Мәселен, былтыр партия барлық деңгейлерде құрылған 1 мың 700-ден аса қоғамдық кеңес жұмысын жолға қойды. Оның құрамында 12 мыңнан аса адам бар. Дәл қазір «Nur Otan»-ның қоғамдық кеңестері Президент бастамаларын қолдап, берілген тапсырмалардың жергілікті жерлерде толыққанды орындалуына көмектесуде таптырмайтын құрал екенін мойындау керек.
Белгілі болғандай, ақпан айында «Nur Otan» депутаттарының қоғамдық рейтингін қалыптастыруға арналған платформа жария форматта іске қосылады. Қоғамдық рейтинг мәслихат депутаттарын халықпен етене араласып, сайлаушылармен тұрақты түрде байланыс орнатуға ынталандыру үшін жасалған. Елде болған соңғы оқиғалар аталмыш бастаманың қаншалықты өзекті әрі маңызды екенін көрсетті.
«Халық қалаулылары – ең алдымен халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс. Ашық түрде, елмен етене жұмыс істейтін, қоғамдық жауапкершілікті мойнымен көтере алатын білікті депуттарымыз бен резервтегі белсенді партияластарымыз халық талабына сай лайықты бағасын алуы тиіс», деген Б.Байбек қоғамдық рейтинг нәтижесін тұрақты түрде жарияланатынын ескертті.
Сонымен қатар, жиында әлеуметтік желіде айтылып жатқан бірқатар сынға қатысты пікір айтылды.
«Осындай қиын-қыстау кезде партия жұмысынан мін іздеп, «Парламент таратылсын, партия таратылсын» деген мағынада әңгіме таратып жүргендер бар. Мұны айтушылар – «Nur Otan» партиясы мемлекеттіліктің, елдіктің негізгі қоғамдық-саяси тірегінің бірі екенін мүлдем түсінбейтіндер», деген Бауыржан Байбек партияластарын қисынды сынды көтере біліп, ал, жүйесіз сөзге мән бермей, бел шешіп жұмыс істеуге шақырды.
Бұған қоса, Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қатысты қисынсыз пікір айтушыларға қатысты өз ойын білдірді.
«Елбасы мен сол кездегі аға ұрпақтың 30 жыл бойы мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, шекарасын шегендеп, территориясының тұтастығын сақтауға сіңірген ерен еңбегі ұлт тарихында өзінің оң бағасын алары сөзсіз. Ал, осы жылдары кетеуі кеткен дүниені тезірек түзеуіміз керек. Ол – сөзсіз. Президент жариялаған реформалардың да мәні осы. Бірақ, Мемлекет басшылығынан кеткен Нұрсұлтан Назарбаевты жата жамандау – елдігімізге, азаматтығымызға сын», – деді ол.
Дәл қазір елдікті сақтап, соңғы оқиғалардан кейін еңсені тіктеп, халықтың тұрмыс тіршілігін арттыру міндеті тұр. Қазір партия кезектен тыс Съезд жұмысына дайындықты бастады.
@baseke_team
Бітімгерлер болмаса...
ҰҚШҰ бітімгерлері Қазақстаннан шығарыла басталды. Үш күн бұрын Президент Тоқаев олардың жақын арада елден шығарыла бастайтынын, жалпы он күн ішінде бітімгерлер өз елдеріне қайтарылатынын мәлімдеген болатын. Бастапқыда ҰҚШҰ күштерінің бітімгерлік контингенті келеді деп естіген халық мәселенің байыбына бармастан біраз шулады. Әлі күнге дейін аталған ұйымның бітімгерлері Қазақстанға не үшін кіргізілді деп сұрақ қоятындар бар. Тіпті, оны елдің егемендігінен айырылудың бір белгісі деп бұрмалап қарайтындар жоқ емес. Алайда дәл сол егемендікті сақтау үшін қажетті шара болғанын түсінгілері келмейтін сияқты.
Биылғы жылдың басы еліміз үшін қайғылы жағдайда басталды. Бастапқыда Маңғыстауда басталған бейбіт митингтің соңы өзге өңірлерде жалғасын тапты. Алайда еліміздің бірқатар облысында, әсіресе оңтүстік өңірлерде радикалдар мен бандиттер мемлекетті басып алуға әрекет жасады. Мемлекеттік төңкеріс әрекеті. Алматы, Тараз, Талдықорған, Қызылордадағы наразылықтар аясында жаппай тәртіпсіздіктер толқыны басталып, бір мезгілде 11 аймақты агрессия қамтыды. Алайда негізгі соққы Алматыға қарсы бағытталды. Бір жағынан діни радикалдар, қылмыстық элементтер, әйгілі бандиттер, тонаушылар және ұсақ бұзақылар пайда болды. Айналдырған үш күннің ішінде еліміз ауқымды дағдарысты бастан өткерді.
Экстремистер бастапқыда тек әскерилер мен билік өкілдеріне қарсы әрекет етсе, кейін бейбіт тұрғындарға шабуылдай бастады. Стратегиялық нысандар өртеніп, дүкендер тоналып, банктер мен сауда орталықтары қиратылып жатты. Арнайы дайындықпен келген экстремистер ересектер тұрмақ көшедегі кішкентай балаларға оқ атты. Әскеріміз қайда, полицейлер неге қорғамайды деген сан түрлі сұрақ тұрды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ мүше мемлекеттерден Қазақстандағы террорлық сын қатерді еңсеруде көмек сұрады. Жалпы халықаралық ұйымнан жасаған келісім шеңберінде көмек сұраудың еш әбестігі жоқ. Әрі әу бастан бітімгерлердің антитеррорлық операцияларға қатыспайтыны, тек стратегиялық нысандарды қорғайтыны айтылды. Қалаларды содырлар мен бұзақылардан тазартумен қазақстандық мамандар айналысты. Бүгінде ҰҚШҚ бітімгерлік миссиясы табысты аяқталды. Енді алдағы он күн ішінде олар өз елдеріне оралады. Ал оладың елімізге келудегі мақсатын бұрмалап, тырнақ астынан кір іздеу артық. Себебі дәл бітімгер әскер болмаса Қазақстанның қазіргі жағдайы қалай болар еді. Елестетудің өзі қорқынышты.
@baseke_team
Министрлер кабинеті жасақталды
Сонымен, бүгін Президент Тоқаев Қазақстан халқы күткен жаңалықты жариялады. Үкімет басшысын тағайындады. Еліміздің 12-ші Премьер-министрі Әлихан Смайлов болғанын бұған дейін жаздық. Түс қайта Ақорда үкіметтің жаңа құрамының тізімін жариялады. Жаңа дегенде, бірең-сараңы болмаса негізінен бұрынғы құрам сақталған. Тек кейбір министр үкімет басшысының орынбасары, ал кейбір министрлердің орынбасарлары ведомство басшысы болып тағайындалды. Қосылғыштардың орны ауысты. Барлық 14 министрдің 7-еуі ауысты. Енді Үкіметтің жұмысы қалай жүретінін бақылаймыз.
Смайылов үкіметінің қызметі халықтың назарында болады. Қазіргі орынтағында өзіне дейін отырып кеткен экс-басшысының тағдырын қайталағысы келмесе аянбай жұмыс істеуі керек. Бір жағынан халықтың тұрмысын түзеп көңілінен шығу, екінші жағынан Президент Тоқаев бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Үкіметтің алдына қойған тапсырмаларын мінсіз орындау міндеті тұр. Қалай болғанда да, оңай болмасы анық.
Естеріңізде болса, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында үкіметке бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде:
1.Антитеррористік операцияны сәтті аяқтау.
2.Құқық қорғау жүйесін реформалауға түзету енгізу.
3.«Самұрық-Қазына» қоры қызметінің тиімділігін қарау.
4.Өнеркәсіп саласына терең талдау жүргізіп, бәсекеге қабілетті секторларды анықтау.
5.«Оператор ТОП» ЖШС-нің утилизациялық алымды алуға тыйым салу. Утиль. алым ставкасын қайта қарау.
6.Елордадағы LRT жобасының тағдырын шешу.
7.Ауыл шаруашылығына берілетін субсидияның ашықтығын қамтамасыз ету.
8.Шекарадағы кеден бекеттерінің жұмысын реттеу.
9.Инфляцияны төмендету.
10.Коронавируспен күресті жалғастру.
@baseke_team
Мемлекеттік қызмет туралы
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің саны қысқаруы мүмкін екенін айтты.
«Мемлекеттік қызмет кез келген қазақстандыққа ашық болуы тиіс. Мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін де оңайлатқан жөн. Кейбір бастамашыл шенеуніктер бірнеше жылдар бойы өз кеңселерінде шалбар киюі мүмкін. Олар жас және перспективалы жігіттердің өсуіне жол бермейді. Мемлекеттік аппараттың тиімділігін төмендетеді. Мұндай шенеуніктермен оңай қоштасу керек», - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің санын тіркеу керектігіне тоқталды.
«Мемлекеттік қызметшілердің саны оңтайлы, оны тіркеген жөн. Бірақ ол қысқаруы мүмкін», - деп қосты ол.
@baseke_team
ҰҚШҰ әскерлері 10 күн ішінде Қазақстаннан шығарылады
«ҰҚШҰ бітімгершілік контингентінің негізгі миссиясы аяқталды. Екі күннен кейін бітімгершілік контингентін шығару басталады. ҰҚШҰ әскерлері 10 күн ішінде шығарылады», - деді Президент Қасым-Жомарт-Тоқаев Мәжіліс отырысында.
@baseke_team
10 қаңтар Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні
Біздің каналымыз Отан қорғау жолында қаза тапқан жауынгерлер мен бейбіт тұрғындардың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Имандары жолдас болсын! Олар бейбіт күннің батырлары, есімдері ел есінде мәңгі болмақ.
Отанға опасыздық жасаған адамдар лайықты жазасын алып, тез арада қалыпты бейбіт өмірге ораламыз деп үміттенеміз. Еліміз осы қиындықты еңсеріп, еңсесін тіктейтініне сенеміз. Ең бастысы, еліміз бірлігінен айырылмасын. Күш бірлікте!
@baseke_team
Алматыда антитеррорлық операция басталды
Қазақстанда бейбіт шеру деген желеумен басталған халықтың наразылығы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Соңғы бір тәулікте жағдай өте шиеленісіп кетті. Әсіресе Алматыда жағдай сағат сайын ушығып барады.
Бұған дейін Президент Тоқаев наразылық білдірушілерді бірнеше рет тыныштыққа шақырып, қарсы күш қолданбады. Билік төзімді болуға тырысты. Алайда шерушілер өздерінің қарақшылық әрекетімен жағдайды ушықтырып жіберді. Енді шегінерге жол жоқ.
Дәл қазір Президент ел мен жерді террористерден қорғау үшін тиісті шараларды бастау керек. Үрейленген халық Тоқаевтың осыны күтіп отыр.
Алматыдағы және басқа да қалалардағы тәртіпсіздіктер қасақана ұйымдастырылғаны анықталып жатыр. Бір күннің ішінде 8 полицей қаза тапты. Одан қалса 400-ге жуығы ауыр жарақат алды. Террористер әскерилерді ұрып соққаны былай тұрсын, жалаңаш көшеге шығарып мазақ етуде. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық жасап, көзіне көрінген нысандарды тонап, өртеп жатыр. Қазір Алматыдағы ауруханалар жарақат алғандарға лық толы. Зардап шеккендерге көмекке келген дәрігерлер де таяқтың астында қалды. Бұдан Қазақстандағы бүлікті арнайы дайындалған террористік ұйымдардың ұйымдастырып, жүзеге асырғанын анық байлауға болады.
Содырлар қазір ойларына келгенін істеп жатыр. Ғимараттар мен инфрақұрылымдарды, ең бастысы, атыс қаруы орналасқан бөлмелерді басып алды. Алматы әуежайын талқандап, ұлттық арнаның ғимаратын өртеп кетті. Қазір Қорғаныс министрлігінің Әуе-десанттық бөлімшесімен Алматы маңында ұрыс жүріп жатыр. Табанды шайқастарына қарап бұлар шетелде тыңғылықты дайындықтан өткен террористер.Токаев олардың Қазақстанға шабуылын агрессия актісі ретінде қарастыру қажет екенін айтты. Айдың күннің аманында өз халқын жағадан алып, мемлекетін төңкеріске болғандарға жаза қатаң болуы керек. Жаңа ғана Президент Алматыда антитеррорлық операция басталатынын мәлімдеді. Қаланы террористерден тазарту үшін ҰҚШҰ ұйымының күштері тартылады. Ұйымнан көмек сұрау дәл қазіргі жағдайда өте қажет деп санаймыз. Әйтпесе террористердің аяқ тартар түрі жоқ. Қаланы тазартып, жағдай тұрақталған соң оларға ең қатаң жаза қолдануын халықтың өзі талап ететін болады. Өйткені бүлікшілер Қазақстанның тұтастығына қол сұғып, бейбіт халықтың өміріне қауіп төндірді.
@baseke_team
Құрметті оқырмандар!
Жаңа 2022 жыл құтты болсын!
Сізге жаңа жылда табысты жұмыс, жарын сәттер, жеңістер мен сапалы ақпараттық орта тілейміз!
Біздің каналымызбен бірге болғаныңыз үшін алғыс айтамыз.
Құрметпен, @baseke_team
Жыл фиаскосы Жанболат Мамай
2021 жыл аяқталуға санаулы күн қалды. Біз биылғы жылды қорытындылайтын болсақ, биылғы жылдың сәтсіздігі аталымына Жанболат Мамай лайықты деген қорытындыға келдік. Себебі биыл ол өзін барынша жағымсыз жағынан көрсетіп, сәйкесінше беделінен айырылды.
Жылдың басында өзін Қазақстандағы оппозицияның соңғы өкілі санайтын, Демпартияның жетекшісі Жанболат Мамай журналистік зерттеулерімен шыға бастады. Алдымен Бауыржан Байбектен бастап, кейін Б.Сапарбаев, Н.Нығматулин және т.б. есімі елге белгілі азаматтар туралы «зерттеулерін» жариялады. Алайда Жанболат «зерттеу» деп санайтын шедеврі бар болғаны ғаламтордан жиналған қауесеттердің жиынтығы. Ресейлік оппозициялық лидер Алексей Навальныйға еліктеп жасаған зерттеулерін халық бағалай қоймады. Себебін жоғарыда атап өттік. Ел өсек-аянға сенбейді, нақты дәлел керек. Ал Жанболатта өкінішке қарай нақты айғақ жоқ еді. Соның салдарынан ол сотта жеңілді. Алғаш болып Жанболатты жауапқа тартқан Бауыржан Байбек болды. Саясаткер заң шеңберінде белсендіні ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіргені үшін сотқа берді.
Жанболат сотта жеңілді. Өз жарияланымдарында таратқан фактілер бойынша нақты дәлел ұсына алмады. Негізінде Мамай сотқа 2 мың беттен тұратын дәлел ұсындым деп ойлайды. Алайда оның ұсынғаны интернеттен көшіріп алған ақпараттардың скрин көшірмелері ғана. Түптеп келгенде популист күрескердің «сенсациялық зерттеулері» анонимдік телеграм-каналдардан және әлеуметтік желілерден алынған болып шықты. Сотта жеңіліп қоймай, ол әлі күнге дейін сол жеңілісін мойындауға жігері жетпей жүрген сыңайлы.Себебі әлі күнге дейін Ж.Мамай сот шешімін орындамай келеді. Сот шығындарын төлегенімен, «зерттеулерін» жойған жоқ. Бүгінде Жанболат пен оның жан жары Инга Иманбайдың жүргізуші құқығы шектелді. Жақында алматылықтар белсендінің қала көшелерін тазалап жүргенін көруі мүмкін. Себебі сотқа талап арыз берген тарап, ол сот шешімін орындамаса қоғамдық жұмысқа тартылуын талап етеміз деп отыр.
Айтпақшы соттағы жеңілісінен бөлек, Жанболат көшеге шығып садақа жинағаны бар. Одан қалса несие рақымшылығы туралы жалған ақпарат таратып, халықтың сенімімен ойнады. Осыдан кейін елдің оған деген көзқарасы өзгерді. Бұрын оны халық демократиялық принциптерді берік ұстанатын күрескер деп сыйлайтын еді. Қазір оны қара басының қамын ойлайтын хайпожор деп қабылдайтын күнге жетті. Дұрысы Жанболат өз іс-әрекетімен өзі жеткізді.
@baseke_team
Қазақстанның қаржы министрлігі халықаралық дауға қалды
Қазақстанда кезекті жемқорлық дауы. Бұл жолы елорда маңындағы көпір мен жолды салуға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бюджеті 18 млрд теңге болатын жобаның қаржысын жымқырған шенеуніктер қазір қамауға алына бастады. Белгілі болғандай, бұл іске Қаржы министрлігіне қарасты елордалық департаменттің қызметкерлерінің қатысы бар. Олар аталған жобаның тендерін шетелдік компанияға алып беру үшін жалған құжат жасаған.
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері тендерді шетелдік компанияға алып беру үшін құжаттардың бір бөлігін жасауға көмектескен. Жалған анықтамаларды жасаған, оның ішінде жалған банк кепілдемесі де бар. Астаналық шенеунік әзербайжандық компанияға «жәрдемдескені» үшін 100 мың АҚШ долларын алған деген ақпарат тарады. Жалған кепілдік үшін 12 млн теңге кеткен. Қазір сол тендерді алған әзербайжандық Evrascon компаниясымен келісім-шарт бұзылды.
Evrascon компаниясы әлемнің он шақты елінде жол, көпір сынды маңызды нысандарды салған. Мысалы, Мәскеудегі Зарядье саябағында орналасқан көпірді салған. Айтпақшы оны Ресей басшысы Путиннің өзі келіп ашқан болатын. Қанша елде жұмыс істегенімен әзербайжандық компанияның беделі мінсіз емес. Мәселен, 2016 жылы Молдова үкіметі жұмысты толық орындаманы үшін дәл осы компаниямен келісімді бұзған болатын. Соңғысы Кишинев – Унгены трассасының екі учаскесін салуы тиіс еді. Алайда межеленген уақытта жұмыстың небәрі 14 % орындалған. Ал жобаға қаржыны Еуропалық инвестициялық банк пен Еуропа Қайта Құру және даму банкі бөлген. Сол үшін компания айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Бүдан басқа да даулы мәселелер болған. Атап айтқанда Evrascon жұмыскерлеріне 5 айға дейін жалақы төлемей, Әзербайжан үкіметіне айыппұл төлегені турал ақпарат бар.
Осы орайда бір заңды сұрақ туындайды: Қазақстан үкіметі неге бюджеттік жобаларға неге көрінген шетелдік компаниялардың қатысуына рұқсат береді? 18 млрд теңгенің тендерін бергенде тым болмаса оның іскерлік беделі мен қаншалықты жауапты екенін бір тексерсе болмайды ма? Байқаймыз біздің шенеуніктер ЛРТ ісінен әлі сабақ алмағанға ұқсайды.
@baseke_team
Елордалық мектептер ұлт қайраткерлерінің есімдерімен аталады
Қазақстанның бас қаласының бірқатар мектебіне ұлт қайраткерлерінің есімдері берілді. Енді елордалық оқушылар қазақтың біртуарлары Өзбекәлі Жәнібеков, Дінмұхамед Қонаев, Фариза Оңарсынова, Қошке Кемеңгерұлы, қазақтан шыққан тұңғыш археолог Кемел Ақышев пен ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсаринның атындағы мектептен білім алатын болады.
Жалпы, 2021 жыл ұлт ұпайы түгенделген жыл болды. Нұр-Сұлтан қаласында ұлт зиялыларының есімін жаңғырту үшін қыруар жұмыс істелді. Қазақстанның бес облысының жерін сақтап қалған Жұмабек Тәшеневке ескерткіш қойылды. Бір өзі тұтас академияның жұмысын істеген академик Қаныш Сәтпаевтың да еңселі ескерткіші бой көтерді. Өткен ғасырда Қазақстанның жер асты байлығының картасын жасап, қызығын келер ұрпақ көрсін деп Мәскеуге бермей қойған қазақтың Қанышын қанша әспеттесек те артық болмайды. Осы күні бүкіл ел игілігін көріп, бюджетті толтырып жатқан қазба байлықтар соның еңбегінің жемісі. Қала билігі Алаш арыстарына ескерткіш орнату арқылы олардың есімін ел жадында қалдырды.
Көпшілік үшін елеусіз, тіпті кішігірім жұмыс болып көрінуі мүмкін. Алайда руханият, ұлттық жаңғыру тұрғысынан қарайтын болсақ қыруар жұмыс. Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде бір қалалада ұлт қайраткерлерінің есімін жаңғырту үшін осынша жұмыстың істелгені алғаш шығар. Рухани жаңғырудың айқақты көрінісі деп айтуға болады. Осы арқылы халық өткенін зерделеп, ұпайын түгендеуге тырысатыны анық. Әсіресе жаһандану заманында өзекті әрі қажетті дүние. Ұлтты аздырып, халықты тоздыруды көздейтін арампиғылдылар ұйықтап жатпағаны анық. Мәселен соңғы уақытт ЛБГТ өкілдері өзінің идеяларын насихаттау үшін ештеңеден тайынып жатқан жоқ. Күні Абай Құнанбаев пен Шоқан Уәлихановтың суреттерін «кемпірқосақ» түрінде шығарды. Әлбетте қазақстандықтардың ашуын туғызды. Жалпы, кез келген ауруды жеңу үшін иммунитет керек сияқты, мұндай абсурдты әрекеттерге қарсы тұру үшін ұлттық иммунитет керек. Ол болса ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұлттық тарих, мәдениетке қанығып өскенде ғана қалыптасады.
@baseke_team
Түркістандағы туалеттерді тонап кетті
Түркістан облысында бұзақылар жол бойына орнатылған жаңа дәретханаларды қиратын кетті. Заманауи модульдік кабиналардың орнатылғанына бір жыл да толмаған. Бұзақылар ішіндегі тұрба, сантехника мен есігін жұлып әкетіп, қалған қаңқасын қолдан келгенше жарамсыз етіп тастады. Облыс аумағына орнатылған жаңа дәретханалар сынған, тіпті оларды пайдалану мүмкін емес. Жергілікті тұрғындар билікті кінәлайды, айтуларынша дәретханалар сайын далада орнатылған, ал олардың жағдайын бақылап жатқан ешкім жоқ. Ал шенеуніктер болса жол бойындағы дәретханаларды халықтың жайлылығы үшін орнаттық деп отыр. Сол себепті кабинкалар ауылдардан тыс, адам тұрмайтын жерге қойылған.
Аудандық әкімдік дәретханаларға ауылдық әкімдіктер қарап, күтеді деп сенген. Бір қызығы шенеуніктер оларды орнатуға бюджеттен қанша қаржы жұмсалғанын да білмейді, есептеуге енді кірісті. Қазір қараусыз қалған дәретханаларды «Қазавтожолдың» балансына беріп құтылмақ. Осылайша, жергілікті атқамінерлер «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кейпінде отыр. Қазақстандықтардың салығына орнатылған дәретхана не себепті қараусыз қалды?
Жалпы, Түркістан - Қазақстанның рухани астанасы, киелі мекен деп әстепттеп жатырмыз. Облыс орталығына айналған үш жылдың ішінде оны көркейтіп, дамыту үшін аз ақша жұмсалған жоқ. Алайда соңғы жаңалық бұл тұжырымды жоққа шығаратындай. Қаланы салып, қанша жерден көркейтіп қойса да, халқының мәдениеті тобырлық деңгейде болса, бәрі бекер. Облыс әкімі Шөкеев өзінің пиарынан ақша аямайды. БАҚ-та Түркістанның имиджін көтеретін жаңалықтарды шығаруға тырысады. Ресейлік блогер Варламов келгенде Шөкеевтің орынбасары Сәкен Қалқамановтың оның алдында құрдай жорғалағаны есімізде. Әлбетте дәретханаға дұрыс барып, орнатылған мүлікке залал тигізбеу үшін көп ақыл керек емес. Бюджет қаржысын пиарға оңды-солды шаша бермей, бір мезгіл халықтың мәдениетін көтеруге көңіл бөлсе артық болмас еді.
@baseke_team
Алаш орда үкіметі құрылған күн неге атаусыз қалды?
Осыдан 104 жыл бұрын Орынборда қазақ зиялылары бас қосып, Екінші жалпықазақ съезі өткізілді. Сегіз күн бойы өткен құрылтайда 10 мәселе талқыланды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі құру мәселелері болды. Құрылтайда елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру, сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Семей қаласы Алаштың астанасы деп жарияланды. Жаңадан құрылған Алаш орда үкіметіне төрағалыққа көпшілік дауыспен Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов сайланды.
Бұл үкіметтің ғұмыры ұзақ болмаса да, азаттыққа жету үшін көп еңбек еткенін білеміз. Алашорда азамат соғысы жылдарында Кеңес құрылысына қарсы күштер жағында болды. Нәтижесінде азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін таратты. 1919-1920 жылдары Кеңес өкіметі Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына кешірім жариялағанына қарамастан, олардың барлығы сталиншіл әміршіл-әкімшіл жүйенің құрбандары болды.
Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Алайда осы мерейлі мерекенің бастауында уақытша болса да үкімет құрып, қазақтың санасын сілкуге тырысқан Алаш арыстары емес пе? Ендеше басқа мерекелерді атап өтуге уақыт пен қаржы тапқанда, мұндай атаулы дата елеусіз қалғаны қалай? Үкімет ел тарихындағы осындай атаулы даталарлы ескеріп, сол арқылы ұлттың санасын жаңғыртуға неге құлықсыз. Алаш арыстарының еңбегін елемей рухани жаңғыру мүмкін емес.
@baseke_team
Жетімін жылатпаған ел едік...
Жақында балалар амбудсмені Аружан Саин есептік кездесуін өткізіп, онда Қазақстандағы балалар үйі қалай тоналып, балалардың шетелге сатылып жатқаны белгілі болды. Амбудсменнің айтуынша, елдегі балалар қылмысының көбі жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы жасалады. Тек биылдың өзінде оған 16 өтініш жыныстық сипаттағы қылмысқа қатысты түскен. Бұған қоса кәмелетке толмаған баланы сату қылмысы да тоқтамай тұр.
Бала саудасына қылмыстық жаза күшейтілгенімен, жағдай оңала қойған жоқ. Бас Прокуратураның дерегінше, қамқоршылар Қазақстаннан 400-ге жуық баланы алып кеткен. Осыдан бес жыл бұрын Қазақстанда балалар саудасы туралы бірнеше сот ісі өтіп, әсіресе көпшіліктің есінде Алматы мен Шымкенттегі сот процестері қалды. Бұл негізінен перзентхана арқылы балаларды сату оқиғасымен байланысты. 2019 жылы Қазақстанда адам саудасы үшін жаза күшейтіліп, жазаның төменгі шектері ұлғайтылса да, жағдай айтарлықтай жақсарған жоқ. Белгілі болғандай, балаларды сату нотариаттық құжаттарды пайдаланып, сенімхат жазу арқылы жүзеге асырылып келген. Бұл құйтырқы схеманы жою үшін елімізде барлық нотариаттық палаталарға балаларға қатысты осындай сенімхаттар жазуға тыйым салынды. Қазір нотариустардың өздері адамдар келіп, осындай сенімхаттарды жазуға тырысатын жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына хабарлап, балаларды сату фактісі байқалатынын жеткізіп отырады. 2015 жылдан бері 800-ге жуық іс қаралып, оның 760-ы қанағаттандырылды. Яғни, адамдардың туыстығын растайтын ешқандай құжаттар болмай шыққан жағдай жиі кездескен. Мұндай жағдайды болдырмау үшін прокурорлардың бала асырап алу және әкелігін тану істеріне қатысуы заңмен міндеттелді. Сондай-ақ сотта туыстығын немесе әкелікті растайтын молекулярлық-генетикалық сараптамалардың қорытындысын сұрату міндеттемесі енгізілді. Осы талап күшіне енгеннен кейін, яғни генетикалық сараптама талаптары туралы білген кезде 42 өтініш беруші өтінішті өздері кері қайтарып алған. Осылайша бұл талап бала саудасын сәл де болса тыйды деуге болады.
Десе де, мұнымен балаларға жасалған қылмыс шектелген жоқ. Мәселен, Қазақстанда жетімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың ас-ауқатына бөлінген 457 миллион теңгені жымқыру фактісі анықталып, 43 қылмыстық іс қозғалды. Басқасын айтпағанда, елордадағы балалар үйінің қызметкерлері азық-түліктің ақшасына пәтер сатып алғаны әшкере болды. Осыдан кейін елдегі 4,5 мыңнан астам баланың әлеуметтік төлемдер түсетін банктік шотына тексеру жүргізіліп, нәтижесінде Алматыдағы №1 балалар үйінде 67 млн теңге жәрдемақы қолды болғаны анықталды. Жетімдердің ақшасы!
Қазақ әлімсақтан «Жетім көрсең жебей жүр» деп оны жылатпақ түгелі, көңіліне кірбің түсіруге жүрегі дауаламайтын. Тастанды баланың аузындағы асын жырып, мемлекет беретін жәрдемақыға қол салу үшін қаншалықты қатыгез болу керек?
@baseke_team
«Қазақстан халқына» қоры қалай жұмыс істейді
Президент Тоқаевтың тапсырмасымен 11 қаңтарда «Қазақстан халқына» қоры құрылғаны белгілі. Санаулы күннің ішінде меценаттар мен қарапайым қазақстандықтардан қорға ақша аударып, жұмысын бастап кетті. Жаңадан құрылған қордың жұмысын халық әлі түсінбей жатқан сияқты. Себебі әлеуметтік желіде жұмысын енді бастаған қорға қарата айтылып жатқан сын жиі кездеседі.
«Қазақстан халқына» қоры немен айналысатынын Тоқаев түсіндірді. Қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысады. Мысалы, сирек кездесетін аурумен ауыратын балаларға көмек көрсетеді. Қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт нысандар салынады. Басты міндеті - Қазақстан халқына қайырымдылық көмек көрсету, атап айтқанда төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимі енгізілгенде зардап шеккен халыққа көмек көрсету, халықтың әлеуметтік осал топтарынан мұқтаж балалар мен балалар үшін спорттық инфрақұрылымның дамуына және оның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесу. Сондай-ақ ел қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларын қолдау.
Қоғам бірнеше күн қорға кім жетекшілік етіп, қамқоршылық кеңесінің құрамына кімдер кіру керектігін қызу талқылады. Қоғамдық қордың басшысы болып Болат Жәмішев тағайындалды. Ал Қамқоршылық кеңестің құрамына 15 адам енді. Олардың қатарында белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, меценаттар және басқа да беделді азаматтар бар. Кеңес қор қызметінің негізгі бағыттарын және оның міндеттерін айқындауға жауап береді, бюджетті бекітеді, басқа да бақылау және ұйымдастыру функцияларын жүзеге асырады.
Президент Тоқаев елдегі олигархтарды аталмыш қорға ақша аударып, халықтың тұрмысын түзеуге атсалысуға шақырды. Бүгінде 12 млрд теңгеден астам қаржы түсті. Айта кетейік, ірі компаниялар мен меценаттардан бөлек, қарапайым қазақстандықтар да біркүндік жалақыларын аударып, асарға үлес қосып жатыр. Сонымен бірге халықаралық қайырымдылық ұйымдарының көмегін, лотерея қызметі операторының, ірі бизнес өкілдері қаржысын міндетті және тұрақты түрде тарту жоспарланып отыр.
@baseke_team
Қаңтар қаһармандары
Жылдың басында қазақстандықтар басынан өткізген қайғылы оқиғалар ел тарихында «қаралы қаңтар» деген атаумен мәңгі қалады. Әсіресе, Алматы жұртшылығы бетпе-бет келген жағдай тек Қазақстан халқын ғана емес, барша әлем назарын өзіне аударды. Аз уақыт ішінде оқиғалардың жылдам өрбігені сонша, тіпті түрлі спекуляциялардың тууына жол ашып, оның шыңдығы жақын арада ашылып болмайтын сияқты. Алайда дүрбелең басталып, содырлар ашық шабуылға шығып, бейбіт халық пен тәртіп сақшыларына қарсы оқ жаудыра бастағанда антына адал болып, террористермен ашық күреске шыққан батырлар болмады емес.
Тәртіп сақшыларының қақтығысты болдырмауға бағытталған бейбітсүйгіштік ұстанымы өздеріне соққы болып тигендей. Себебі дәл сол сәтте радикалды бағытты ұстанған содырлар бейбіт халықтың ішіне кіріп, алдын ала жазылған сценарий бойынша әрекетке көшетінін ешкім болжап білмеді. Тәртіп сақшыларының назарын аударуға бағытталған әрекеттер де аз болмады. Негізгі күш халық жиналған алаңдар мен әкімшілік ғимараттарды қорғауға жұмылдырылған кезде, терроршылар әскери қоймалар, қару-жарақ дүкендері мен полиция департаментіне шабуылдай бастады. Содырлардың әрекеттері тыңғылықты дайындалып, жоспарланғанын түсіну қиын емес. Радикалдардың бір бөлігі көшедегі бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларын жоюмен айналысты, ондағысы куәгерлерден құтылу еді.
Қала билігі жағдайдың ушыққанын кеш ұқты, қару мен техника көпшіліктің ішіне еніп кетті. Ал экстремистердің ҰҚК әскери қоймасын басып алғаны туралы жаңалық елді есінен таңдыра түсті. Оқ атылып, хаос орнай бастаған кезде тәртіп сақшыларының арасында қаланы қорғауға шыққан батырлар болды. Сол күні негізгі соққы тәртіп сақшыларға бағытталғаны белгілі. Сол қаралы күні полиция департаментіне де шабуыл жасады. Департамент бастығы Қанат Таймерденовтың басқаруымен полицейлер қарулы террористерге тойтарыс берді. Барлығы 27 шабуыл жасалған. Ғимаратты алу үшін мергендер оқ атып, жүк көліктерімен шабуыл жасалды. Алайда тәртіп сақшылары өз ғимаратын қорғап қалды. Сәтсіз шабуылдардан кейін экстремистер өлген жақтастарының мәйттерін алып қаша бастаған. Ондағы ойлары қайдан шыққанын жасырудың амалы.
@baseke_team
Ойнап жүріп, от басты
Соңғы бір аптада қорқынышты түстей болған Қазақстандағы оқиғалар кімнің кім екенін көрсетті. Әсіресе оппозицияда жүргендердің бетпердесін шешіп бергендей. Іс жүзінде нақты көшбасшылардың жоқ екенін дәлелдеп берді. Көшбасшы болудан дәмелі кейбір жандар халықтың қолдау деңгейін бағалауға ақылдары жетпейді. Мәселен, жалған күрескер Жанболат Мамай осы сөзіміздің айқын көрінісі. Алматыда митингілер басталғанда ол халықты «Алматы Аренаға» жиналуға шақырды. Арнайы қызметтің «қолдауы» болмаса Жанболаттың бес тиындық құны жоқ екені байқалып қалды. Себебі, алаңға келгені сол еді таяқтың асында қалды.
Қазір Инга Иманбай әлеуметтік желіде жарының таяқ жеген суретін салып, арандатушылар оның өміріне қастандық жасағанын айтып, жар салуда. Күйеуін жәбірленуші, биліктің құрбаны ретінде көрсетуге тырысып бағып жатыр. Ондағы көксегені – Жанболатты халық пен елдің болашағын көздеген идеясы үшін зардап шеккендей етіп көрсету. Мамай болса халықты соңымнан ертемін деп дәмеленді. Алайда дәмесі өзіне сор болды. Полицейлерден кейін Жанболат алаңға наразылық танытып барған халықтан «сыбағасын» алды.
Не ексең, соны орасың демей ме? Дәл осы Мамай әлеуметтік желіде елді Алматыда жаңаөзендіктерге қолдау білдіріп, наразылыққа шығуға шақырудан жағы талмады. Қоғамда Жанболат әрқашан олигархиялық топтарға қызмет ететіні жиі айтылады. Бір қызығы өзі оны жоққа шығарған емес. Керісінше, дәулеті тасыған дөкейлерге қызмет ететінін өзі абырой санайтын болуы керек. Бұған қоса, Жанболаттың көпшілікке мәлім тағы бір ермегі бар. Ол - саяси элитаның өкілдеріне қарсы арнайы материалдар әзірлеп, сонымен хайп ұстау.
Соңғы күндері Қазақстан халқы бастан өткізген қайғылы оқиғалардың орын алуына Жанболат та өз үлесін қосты. Оның назарылыққа шақыруына тек бейбіт тұрғындар емес, бұзақылар мен лаңкестер де келді. Алматы көшелеріндегі қырғынның қаны Жанболатқа да жұқты. Әдетте асау тайдай тулап жүретін оның қазір үні шықпай қалды. Жалмауызға да жан керек. Халық оның шынайы бет-бейнесі мен атағы жер жарған партиясымағының түкке тұрғысыз екеніне көрді. Саясатты жамылып сайқал ойын ойнап жүрген Жанболаттың екіжүзділігіне көз жеткізді.
Бұқараны бүлікке бастаған екен, енді Жанболат мойнымен көтеруі тиіс. Тым болмаса халықтан тізерлеп тұрып кешірім сұрамады. Қазір құрбан ретінде көрсетіп, халықты жылатуды көздеп отырғанына қарағанда Жанболат өз әрекетенің жауапкершілігін әлі түсінбеген сияқты.
@baseke_team
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Президент Тоқаев жоғары білімнің қолжетімділігі мәселесіне назар аударды.
«Жоғары білімнің қолжетімділігі мәселесі өзекті болып отыр. Еліміздің халық тығыз орналасқан өңірлерінен келген жастарға гранттар бөлу мәселесін қарастыру қажет», - деді ол.
Сондай-ақ 2025 жылға қарай кемінде 5 беделді халықаралық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырды, оның екеуі техникалық бағытта болады.
@baseke_team
⚡️Тоқаев: бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өседі.
Күш құрылымдарының барлық қызметкерлерінің жалақысын көтеріледі.
Әкімдерге, депутаттарға, Үкімет мүшелеріне жалақыны көтеруге бесжылдық мораторий жарияланды.
@baseke_team
Жаңа премьер-министр тағайындалды
Қазақстан үкіметінің 12-ші басшысы болып Әлихан Смайылов тағайындалды. Смайыловтың кандидатурасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Мәжіліс әдеттегідей бірауыздан қолдап дауыс берді.
Әлихан Смайылов министрлер кабинетінде бұған дейін қызмет етті. Экс премьердің бірінші орынбасары, ал алты күн бұрын Маминнің отставкасынан кейін үкімет басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалған еді.
@baseke_team
10 қаңтар Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты биылғы 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау жөнінде шешім қабылдады.
Тиісті Жарлық Ақорда сайтында жарияланады.
@baseke_team
Береке кетсе нең қалар...
Соңғы 2-3 күнде Қазақстанның бірқатар өңірінде халық шеруге шыққаны белгілі. Президент Тоқаев мемлекеттік комиссия құрылып, халықтың әр өтініші мен талабы тыңдалатынын айтты. Сұйылтылған газ бағасы төменделетіні мәлімделді. Естеріңізде болса шерушілердің басты таласы осы газ бағасына байланысты еді. Алайда кеше түнде бірнеше қалада бейбіт шерудің соңы тәртіпсіздікке ұласып кетті. Нәтижесінде Президент Маңғыстау, Алматы облыстары мен Алматыда төтенше жағдай жариялады. Тоқаевтың бұл шешімі дұрыс әрі дер кезінде қабылданды. Егер олай етпеген жағдайда жағдай бұдан жаман ушығып кетер еді. Себебі кеше тәртіпсіздік кезінде мародерлік, қасақана өртеу сияқты қылмыстар орын алды.
Жалпы, жаппай тәртіпсіздіктің артында арандатушылар тұрғаны байқалады. Бүгін ІІМ кешегі қақтығыс кезінде ішкі істер органдарының 95 қызметкері соққыға жығылып, 37 қызметтік көлікке зақым келгенін мәлімдеді. Алматы, Шымкент пен Таразда бұқазылар әкімдік ғимаратына басып кірді. Алматыда бейбіт шеру емес, бандиттік шабуыл деп айтуға негіз бар. Қаншама дүкен, сауда дүңгіршектері қиратылды. Тіпті, бүлікшілер көшеде өз жөнімен кетіп бара жатқан халықты тоқтатып, сондарынан ермесе таятың астына алатынын және көліктерін өртейтінін айтып, қорқытқан. Алматыда шерушілердің арнайы автобустармен келіп жатқандарын көрдік. Оның үстіне ватсап, месенджерлерде митингке шығу, қайда барып, қалай әрекет ету керектігі жөнінде нұқсаулық алдын ала таратыла бастады. Яғни, осыдан митинг стихиялық түрде емес, ұйымдасқан негізде өтті деуге негіз бар. Бандиттік шабуыл елде төңкеріс жасау мақсатында ұйымдастылғандай.
Болып жатқан бұл жағдай халыққа жақсылық әкелмесі анық. Инвесторлардың елге деген сеніміне селкеу түсірмей қоймайды. Шерушілер ел экономикасына орасан зор зиян келтіргенін мойындау керек. Қазақ өз қолымен өз экономикасын құлдыратуда. Батыстағы ереуілшілдер халықтың ақшасын тонап, отанын сатып, шетелге бас сауғалап кеткен қашқын саясаткерлерді елге қайтару туралы талап қойды. Желдің қай жақтан есіп, арандатулардың артында кім тұрғанын түсіну қиын емес.
Ең бастысы әрі сорақысы, бұлай жалғаса берсе Қазақстан тұтастығынан айырылып қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде жеріне көз тігіп, аттан қайдан шығар екен деп алақандарын ысқылап отырған сыртқы күштер бар. Сондықтан ертеңін ойласа халық аттандай бермей, тізгінді тартқаны абзал. Дәл қазір халық арандатушылыққа ермей, сабыр сақтауы керек. «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, береке кетсе нең қалар».
@baseke_team
Қазақстандық ғалымдарға сыйақы берілді
Жаңа жылдық сыйақы емес. «Үздік ғылыми қызметкер — 2021» сыйлығының қорытындысы бойынша тағайындалған сыйақы. Отандық ғалымдар 6 млн теңгеден сыйақы алды. Жүлдеге ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарынан 50 ғалым лайықты деп танылды.
Үздік ғалымдар үшін биыл алғаш рет тағайындалған конкурсқа өтінімдер арнайы құрылған және автоматты түрде сегіз өлшемшарт бойынша балдары бар ақпараттық жүйе арқылы қабылданды. Конкурсқа барлығы 7 бағыт бойынша 575 өтінім келіп түсті. Олардың арасында жаратылыстану ғылымдары, инжиниринг және технологиялар, медицина және денсаулық сақтау, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары, әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік ғалымдары болды. Ғылыми жетістіктерді бағалау критерийлері ғылыми және сараптамалық қауымдастықпен бірге жасалды. Барлық қатысушы өтінім беру кезеңінде өз балын көре алды. Оларды комиссия қарады және сараптамалық топтар ұсынылған құжаттардың бекітілген критерийлерге сәйкестігін секцияларда тексерді. Бір сөзбен айтқанда байқаудың ашықтығы және транспаренттігі барынша қамтамасыз етілді.
Жалпы биыл Қазақстанда 500-ге жуық ғалымның ғылыми тағылымдамадан өтуіне стипендия тағайындалып, сондай-ақ постдокторантура үшін жас ғалымдарға 1000 грант бөлінді. Осылайша, 2021 жыл отандық ғалымдар үшін табысты жыл болды деп қорытындылауға болады.
@baseke_team
Аймағамбетов балабақшадағы жөнсіздікті реттей ала ма?
Бүгін ақпараттық кеңістікте шыққан жағымсыз жаңалықтардың біразы балабақшамен байланысты. Алматыда балабақша тәрбиешісінің бүлдіршіндерді ұрып, жұлқылап жатқан видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Желіде қызу талқылана бастаған соң полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады. «Сәби-бала» балабақшасының әкімшілігі қатыгез тәрбиешіні жұмыстан шығарып үлгерді. Ал бүлдіршіндердің ата-аналары жиналып журналистерге бақшадағы осы уақытқа дейін орын алған біраз былықты айтып берді.
Белгілі болғандай, тәрбиешілер балаға ұрыспасын деп ата-аналар пара ретінде кәмпит беріп келген. Сондай-ақ балаларының таяқ жеп жүргенін аналары кездейсоқ білген. Тәрбиешінің бірі балаларды боқтап жатқан аудиожазбаны қателесіп ортақ чатқа салып жіберген. Аудионы тыңдаған ата-аналар бақшадағы бейнебақылау камерасы жазған видеоларды көріп шыққан. Сол кезде бүлдіршіндердің кез келген қателігі үшін жазаланып келгенін біліп, полицияға шағымданды. Тағы бір елді елең еткізген жаңалық бұл жолы Жамбыл облысынан жетті. Облыстағы балабақшаның қызметкері 54 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған. Оқиға күні кеше болмаса да, болғаны рас.
Асхат Аймағамбетов жетекшілік ететін Білім және ғылым министрлігі соңғы 1-2 жылдың көлемінде жақсы жұмыс істеп келеді. Басы бар, аяғы жоқ реформалардан көз аша алмай келген ведомстводағы біраз проблеманы шешіп, тіпті сол үшін халықтың сүйікті министріне айналды. Алайда мектеп пен университеттердің проблемасын шешемін деп жүріп, Асхат Қанатұлы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жұмысын босатып алған сыңайлы. Өйткені соңғы кездері жекеменшік балабақшалардың жұмысына шағым көп. Аймағамбетов балабақшадағы қордаланған проблемаларды шеше ала ма?
@baseke_team
Шаруалар неге шулап жүр?
Соңғы уақытта Қазақстанның фермерлері бас көтере бастады. Осыдан біраз уақыт бұрын Ақтөбеде шаруалар митингіге шықты. Талаптары - қазіргі Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің отставкасы. Күні кеше бір белсенді халықты елордада митингі өткізуге шақыра бастады. Оның да талабы сол, АШМ басшысын ауыстыру. Салаға келгеніне жарты жыл да болмаған министр фермерлерге несімен жақпай қалды?
Биылғы Жолдауында Президент Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрлігіне агросаладағы түйткілдерді шешетін бірқатар заң жобаларын әзірлеп, халықпен талқыдан өткізіп, қабылдауды тапсырды. Ізін суытпай ведомство Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы заң жобасын әзірледі. Заң жобасының бастапқы нұсқасында елді мекен шекарасындағы жеке қосалқы шаруашылықтарда үй жануарларын ұстау ережелерін реттеуді діттейтін норма көзделген болатын. Көпшілік бұл норманы мал санына шектеу енгізеді деп шулай бастады. Тіпті, әлеуметтік желі мен месенджерлерде «қазақтардың мал ұстауына шектеу қойылмақ» деген сыңайдағы хабарламалар тарап кетті. Түптеп келгенде бұл шаруалардың назарылығын тудырып, соңы малшылардың шеруіне ұласып кетті.
Қоғамның қарсылығын тудырған бұл норма өзгертілді. Енді ЖҚШ-да (ЛПХ) ауыл шаруашылығы жануарларын ұстау нормативтері жаңа редакцияда ұсынымдық сипатта болады. Яғни, жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы шаруашылықтардың қажеттілігі үшін бөлінетін қосымша жер учаскелерін, кооперативтерін, мемлекеттік қолдау көлемдерін болжау және жоспарлау үшін пайдаланады. Аталған нормативтерді әрбір үш жыл сайын жаңарту көзделіп отыр.
Бұл заңнан бөлек министрлік агросалаға берілетін субсидияны беру тәртібін өзгертіп жатыр. Кейбір шаруалар бұған да қарсы. Ведомство басшысының субсидиялау тетіктерін өзгертуі заңдылық. Себебі екі ай бұрын Антикор АӨК субсидиялауға бөлінген қаржының талан-таражға түсіп жатқанын анықтады. Тіпті, еліміздің 9 өңірінде жүздеген адамға қылмыстық іс қозғалды. Жылдар бойы фермерлерге бөлінген ақшаның қызығын санаулы адамдар ғана көріп, қолдауға мұқтаж малшылар субсидия ала алмай келді. Енді аграрлық салаға бөлінетін ақшаны үлестіруде адами факторларды болдырмау үшін процесстің бәрі автоматтандырылады.
Субсидия бөлу тетіктерінің өзгертіліп, процесстің автоматтандырылуы барлық фермерлердің мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімді етіп, кедергілерді жоюға бағытталған. Қазір фермерлерді алға салып, митинг ұйымдастырып жүрген кейбір белсендіге министрлік жаңа жылдан бастап қолданысқа енгізгелі жатқан осы жаңашылдықтар ұнамайтын тәрізді. Әйтпесе, қуанудың орнына шаруалар неге шулап жүр?
@baseke_team
Біреулер кетер, біреулер келер...
Мерекеден кейінгі жаңа апта қазақстандықтар күтпеген жаңалықпен басталды: Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қызметінен кетті. Бір қызығы жаңалықты таратқан сайттар министрді қызметінен алынды деп берсе, Цой өз еркімен кеткенін айтып ақталды. Түс қайта оның жеке секторға баратыны белгілі болды.
Алексей Цой салаға 2020 жылы пандемиямен күрес қызып жатқанда келді. Естеріңізде болса, экс-министр Елжан Біртанов істі болып, министрлік басшысыз қалған кезде шаруаны қолына алды. Ең алдымен коронавирус пен вирустық пневмонияның статистикасын қосып, соның салдарынан болған өлім-жітім бірге есептеліп, жариялана бастады. Көп ұзамай қоғамдық орындарда маска тағып жүруге міндеттейтін қаулы шығарып, тіпті кішкентай сәбилерге бетперде кигізуге тырысты. Алайда көпшіліктің нәрестелерге арналған масканы қайдан аламыз деген сауалын Алексей Цой жауапсыз қалдырды.
2020 жылы оның кезекті қаулысының арқасында мектеп оқушылары мен студенттер оқуын онлайн форматта бастады. Сондай-ақ Қазақстанның өңірлері эпидахуалға байланысты бірнеше түске бөлінді. 2021 жылдың ақпанында қазақстандықтар коронавирустан екпе ала бастады. Алайда Цойдың министрлігі вакциналау кампаниясын құрдымға жіберді. Елдің отандық һәм шетелдік вакциналарға деген сенім деңгейі төмен болатын. Екпенің қажеті мен маңызы туралы насихат жұмысына қыруар қаржы бөлінгеніне қарамастан, әлі де төмен. Халықтың көбі жалған екпе паспортын сатып алды. Оның үстіне көшеге айқайлап вакцинаға қарсы топ шықты. Абырой болғанда отандық ғалымдар аз уақыт ішінде QazVac вакцинасын жасап шығарды. Алайда оны әлі күнге дейін ДСҰ мойындап, тіркемеді. Бұған қоса америкалық Pfizer вакцинасын жеткізу мерзімі бірнеше рет өзгертілді. Ресейлік «Спутник вакцинасын салып жатса да, Қазақстанның вакциналау паспортын РФ әлі күнге дейін мойындамады. Қорыта айтсақ, ол «Қазақстандағы вакциналау кампаниясын сәтсіз жүзеге асырған» Денсаулық сақтау министрі ретінде қалды.
@baseke_team
Байқоңырдың балалары қазақша оқитын болды
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы ақжолтай жаңалық – Байқоңырдың барлық мектептебінде, соның ішінде ресейлік білім ордаларында қазақ тілі оқытылатын болды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мәлімдеді.
Қазақстан мен Ресейдің білім министрліктері тиісті тетікті пысықтауға уағдаласты. Тіпті, Қазақстан тарабы ресейлік мектептерді оқулықтармен қамтамасыз етуге дайын. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері талқыланған мәселе болатын.
Бүгінде Байқоңыр қаласында 7 мектеп бар және олардың барлығы РФ білім стандарты бойынша оқытылады. Ол мектептерде қазақстандық балалар оқиды. Өз болашағын Қазақстанмен байланыстыратын қаракөздеріміз үшін Қазақстан тарихын, қазақ тілі мен әдебиетін білу маңызды болып табылады. Алайда Қазақстан тарапы мектеп бағдарламасына аталған пәндерді енгізу үшін РФ оқу-ағарту министрлігінің рұқсатын алуы тиіс еді. Көршілеріміз ол рұқсатты беруге асықпады. Осы сұраққа қатысты біраз дау туындаған да еді. Қазақ зиялылары дабыл қағып, тіпті бұл мәселе Парламент қабырғанында талқылады.
Жылдарға созылған келіссөздердің нәтижесінде балаларымыз ана тілі мен тарихын оқи алатын болды. Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктердің қатарына қосуға тұрарлық жаңалық бұл. Әйтпесе мыңнан астам қазақ баласы жылдар бойы өз тілі, әдебиеті мен тарихынан мақұрым қалып келген еді.
@baseke_team
«Әлхамдүллә, 19 миллион халықпыз»
Президент Тоқаев үкімет басшысы Маминді қабылдап, соңғысы биыл күзде өтен ұлттық халық санағының алғашқы нәтижелері туралы баяндады.
XX ғасыр басында алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы «Әлхамдүллә, алты миллион халықпыз» деген екен. Ол санақтан соң қазақ халқы талай нәубатты бастап кешіріп, саны екі есе қысқарып қалғаны белгілі. Соңғы 2009 жылы өткен ұлттық санақта елдегі халық саны 16 004,8 мыңды көрсеткен болатын.
Биылғы 2021 жылғы санақтың алдын ала мәліметі Қазақстан халқы 19 169 550 адамды көрсетті. Қазақстандықтардың 48,71% – ерлер, 51,29 % әйелдер, халықтың орта жасы 31,94 жас деп көрсетілген. Жалпы халықтың 33,97 % – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 % – 14-28 жас аралығындағы жастар. Сондай-ақ халықтың 59,05 %, яғни 11 320 410 адам еңбекке жарамды деп танылған.
Ең бастысы, еліміздегі қазақтардың үлесі – 70,18 % жеткен! Құдай көп көрмесін. 1989 жылғы өткізілген КСРО-ның ең соңғы халық санағының деректері бойынша, Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы небәрі 40,1% ғана еді. 30 жылдың ішінде мемлекет құраушы ұлт – қазақтың саны 30 пайызға көбейгені қуантады. Бұл мемлекетпен бірге халықтың да өсіп-өніп, көбейіп-көркейіп жатқанын көрсетеді.
@baseke_team
Тәуелсіздіктің тағылымы
Тәуелсіздіктің мерейлі тойы – 30 жылдықтың қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарияланды. Бұл мақала Елбасының ой-толғамдары мен стратегиялық пайымдарымен қатар, бұған дейін көпшілікке беймәлім болған оқиғалар туралы сыр шертеді.
Тәуелсіздік алған 30 жыл уақыт өлшемімен алғанда аз көрінгенімен, оған жету үшін ғасырдан да ұзақ уақыт кетті. Ұлттың азаттығы жолында талай адам шейіт болды. Отаршыл өкіметтің өктемдігіне қарсы көтерілістер, ашаршылық, сталиндік қанды репрессия, одан қалса ұлы отан соғысы. Ұлттың санасын сілкіп, ой салады-ау дегеннің бәрін жалмады.
«Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған» деп жазды Елбасы.Шынымен де, бүгінде ауызбен оңай айтылатын қасиетті Тәуелсіздікке жету оңай болған жоқ. Одақ ыдырап, бұрын бір «қанаттың» астында болып, орталықтың аузына қарап отырған мемлекеттер «тұрымтай тұсына» кете бастағанда елдің болашағына жауапкершілікті Нұрсұлтан Назарбаев ала білді. Осы күнге дейін Қазақстан одақтан ең соңғы болып шықты деген сын айтылып келді. Алайда ешкім неліктен олай болғанын әлі күнге дейін білмейді.
Елбасы мақаласында сол кездегі кейбір қазақстандық депутаттардың өзі Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы заңды бірден мақұлдамай қойғанын айтады. Әлбетте ол заңға қарсы болғандардың қолтығына су бүркіген сыртқы күштер болғаны анық. Азаттықтың алғашқы күнінен бүгінге дейінгі жүріп өткен жолында Назарбаев елдің еңсесін тіктеп, тұрмысын түзеп, ұлттық рухын көтеріп, ең бастысы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мемлекетті сақтай білді.
«Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын» деп жазды ол. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз береке-бірлікке, ынтымаққа, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты жүзеге асырды. Түптеп келгенде бұл елімізді үздіксіз өсу мен өркендеуге бастады.
«Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын» дей келе, Елбасы Тәуелсіз елде тәрбиеленген азат ұрпақ Қазақстанға не берерін ойлануы керек дейді.
Сөз соңында Елбасы Тәуелсіздікті бақытқа теңейді. Ал бақыттың тек бағалаған адамға қонатынын естен шығармау керек.
@baseke_team