kinostankz | Unsorted

Telegram-канал kinostankz - Киностан

254

Кино және соның төңірегі: ойлар, рецензиялар, шолулар, т.б.

Subscribe to a channel

Киностан

Қазақша дубляждың қаралымын қалай көтереміз?

15 желтоқсан кинотеатрға “Аватар: Су жолы” (ұзын тұра көк адамдар туралы) фильмінің қазақша дубляжы шығады. Қазақ көрермені осы премьераны пайдаланып, дубляж нарығына ықпал ете аламыз.

Яғни мәселе мынандай: қазақша дубляжға көп жағдайда адам аз барады екен-міс. Кинотеатр — жекеменшік кәсіп болғандықтан, сеанстарының уақытын сұранысқа қарай қояды.

Мәселені қалай шешеміз: Аватардағы На’Ви халқы айтпақшы, жатқан тастың астына су бармайды. Сондықтан көрсетілімнің қазақша нұсқасына барынша көбіміз баруымыз керек. Қазақшаға сұраныс көп болса, сыйласқанның суын іш деп, кинотеатр да бәрін көрерменге қарай ыңғайластырады.

Кинопрокатта бірінші апта аса маңызды, оның нәтижесіне қарап, екінші аптаның кестесін жасайды. Бірінші аптада бәріміз — отбасы, бала-шаға, көрші-қолаң, ауыл-аймақ боп “Аватар” фильмінің қазақша сеанстарына тойға барғандай жаппай ағылып барайық!

Атам На’Ви айтпақшы: судың да сұрауы бар, сондықтан бүкіл кинотеатрға алдын ала телефон шалып, На’Ви тәрізді бәрін ана тілімізде сұрап, қазақша дубляжы нешеде, қай залда екенін анықтап, жоқ болса қосуын талап етіп, тыным бермей дабылдатайық (тек агрессиясыз). Әйтпесе, қазақ дубляжы суға кеткендей тал қармайды.

На’Видің көк иық ақындары айтып кеткендей: “су сағасы — бұлақ, сөз сағасы — құлақ”, яғни осы үндеуімізді барлық танысыңызға, досыңызға, көршіңізге жеткізіңіз. Кинотеатрларды көгертіп жіберейік!

@QazaqGrammar

Читать полностью…

Киностан

"Кезбе өліктер" аяқталды (2010-2022).

Өзім 2012-2013 жылдардан бастап қарадым. Нашар маусымдары да болды, бірде динамикаға оралып, кейде шәйіп, кейде интригалатып отырды. Десек те он шақты жылымды арнаппын.

Не деймін, спин-оффтарын әкеліңдер :)

Читать полностью…

Киностан

Кинода/театрда "төртінші қабырғаны бұзу" деген термин бар - сахнадағы/экрандағы кейіпкер көрерменімен тілдесуі. Дэдпул, мысалы.

Мен бұны алғаш рет ауыл клубында көрдім. Мұғалімдер спектакль қойды. Кәдімгідей дайындалып еді. Театрдағыдай декорация, реквизиттер - бәрі болды. Көрермендердің дені балалар еді. Екінші акт кезінде ме екен, балалар зерігіп шулай бастады. Информатикадан беретін Рахмет ағай басты кейіпкерлердің бірін ойнап еді. Қолына балта ұстап, отын жара ма - сондай бірдеңе істейтін жері бар. Рөлін тоқтатты да сол балта ұстаған күйі бізге бұрылып, ұрысып тастады.

Сосын... дым болмағандай ойынын жалғастыра берді.

Читать полностью…

Киностан

#рекомендейшн

Netflix ұсынған Entergalactic вайб сыйлайтын картина: үлкен қаланың вайбы, алаңсыз жастықтың вайбы, ғашық болудың вайбы, тәтті қарым-қатынастың вайбы, шығармашылықтың вайбы. Бұлардың бәрін сәнді музыка біріктіреді.

Музыкамен әрлеуі, анимациясы тұрғысынан Spider-Man: Into the Spider-Verse мультфильміне ұқсас. Оны да ерекше вайбы үшін ұнатып едік қой.

Жалғыз отырып, құлаққаппен көруді ұсынар едім. Мың бояулы әдемі әлемге елітіп алып кетеді бірден.

Читать полностью…

Киностан

Netflix ұсынған Blonde - Мэрелин Монро өміріне басқаша көзқарас. Алтернатив, авторлық. Оның өмірбаянын айтып бергеннен гөрі, оның басынан өткен оқиғалар арқылы психоанализ жасауға тырысу. Өзім солай қабылдадым.

Әйтпесе порнография (жарайды, эротикалық) кадрлардың мәнін түсіне алмадым. Иә, актриса өмірде талай еркекпен кездесті, талайының қол жетер/қол жетпес арманы болды. Десек те неліктен авторларда оны жалаңаш көрсетуге ынтазарлық туды, оны түсіне алмадым.

Жалпы бұл картина сюжеті бір линиялы сюжетке ұқсамайды. Өмірбаянында келтірілген оқиғалар да сол күйінде беріле бермейді. Атмосферасы меланхолияға толы, актрисаның маскасыз қырын, қайғысын көрсетуге тырысқан. Жалпы техникалық орындалуына кінә арту қиын.

Десек те бұны бір канон, жұлдыздың өмірін мейілінше шынайы суреттейтін туынды деп қарамас едім.

P.S. Ана де Армас - біздің заманның Монросы. Сондай сүйкімді, сондай қылықты, сондай пәк.

Читать полностью…

Киностан

Қалай ойлайсыңдар, "Тор 4" тым комедия емес пе? Жеңілтек әзілдермен бастап трагедиямен аяқтағаны қалай кетті?

Читать полностью…

Киностан

#рекомендейшн

"Он үш өмір" / "Thirteen Lives" - екі "Оскар" алған Рон Ховардың жаңа картинасы. Өмірде болған оқиғаны баяндайтын құтқару драмасына режиссер Вигго Мортенсен, Колин Фаррелл, Джоэл Эдгертон секілді жұлдыздарды жинапты.

2 сағаттан астам уақыт бойы "тақым қысып, тапжылмай" позасында кино көргің келе ме? Қош келдің онда.

Рон Ховард деталдаудың шебері ғой. Мейлі кейіпкер болсын, мейлі әрекет болсын - жіліктеп бөліп тастап баяндайды. "13 өмір" қызық болғанымен қоймай, техникалық орындалуы өте күрделі кино дер едім. Су астындағы кадрларды үйлестіру, оны сюжетке жатқызу, кейіпкерлердің әрекетімен байланыстыру - шебердің ғана қолынан келеді.

Бұйырса биылғы "Оскардың" номинанттарынан көріп тұрқ қо.

P.S. Фильмді қарап болған соң сюжетке арқау болғаны оқиғаны да тауып алып оқыңдар - өте қызық!

Читать полностью…

Киностан

Достар, аздап шок кейпімнен арыла алмай отырмын. Жылдың деп алдын ала вердикт жасамай-ақ қояйын, жыл басынан бергі ең ерекше картина дер едім.

Мына мультиғалам тақырыбы кино жасаушыларға жақсы азық болды. Қиял мен ой өрісін кеңейтуге мүмкіндік ашып берді.

"Барлығы Барлық жерде Бір мезгілде" / "Everything Everywhere All at Once" - визуал концепция жағынан "Матрица", "Доктор Стрендж", "Бастау" (Inception) картиналарына жақын. Оның үстіне түрлі стиль мен авторлық қолтаңбалар, әр түрлі фильмдерге оммаж бен сілтеме анық байқалады. Әйтсе де мультиғалам тақырыбы фильмнің өзегі демес едім. Өзіңді, жақыныңды қабылдау және сүю - қандай метағаламда өмір сүрсең де бұлжымайтын заңдылық болып қала бермек. Басты ойы осы деп ұқтым.

Визуалын, мазмұнын, арнайы эффектілері қолданылған ғажап сәттерін, техникалық орындалуын, түрлі жанрларды қалай үйлестіргенін суреттеуге менің тілім жетпейді.

Читать полностью…

Киностан

"Три" - алматылық адам жегіш Николай Джумагалиевтің ісі арқау болған триллер екен.

Советтік антураж, атмосфера реконструкцияланады демесеңіз, берер қызығы жоқ картина екен. Антогонисің де, зұлымың да ашылмайтын дөкір кейіпкерлер. Персонаждар арасында химия жоқ, сәйкесінше көрермен де оларға тілекші бола алмайды.

Құрылымы әлсіз сюжет - өздерінше тақырыпшаларға бөліп жүйелеуге тырысқанымен ол атаулар түк те білдірмейді.

Ресейден алдыртқан актер Игорь Савочкин (марқұм) де фильм үшін маңызды рөл атқармады. Кез келген рандом таңдалған актерді қойсаң дәл сондай атқарушылық рөл көрсетер еді.

Актерлерге кінә артқым келмейді, оларға нақты міндет пен тапсырма қоя алмаған шығармашылық топ әлсіз болды деп ойлаймын.

Читать полностью…

Киностан

Астаналық достардың назарына :)

Читать полностью…

Киностан

"Солтүстік адамы" / "The Northman" - техникалық тұрғыдан мінсіз картина. Дыбысын, монтажын, операторлық жұмысын, қоюшы суретші жұмысын, музыкасын, жарықтың қойылуын бөлек-бөлек анализдеп, оқулыққа енгізуге болады.

Сюжеті өте қарапайым, скандинав халқының фольклоры мен мистика элементтері органикалық түрде астасып кеткен. Аутентикалық атмосферасы көрерменге сол оқиғалардың арасында жүргендей әсер береді.

Роберт Эггерсті біз қазымыр, әр деталге мән беретін суретші ретінде білеміз, ол жасаған кадрда мағынасыз және артық қимыл мен көрініс болмайды.

Режиссер "Маяктан" Уиллем Дефоны, "Мыстаннан" Аня-Тейлор Джойды алдыртыпты. Оларға қосылған Александр Скарсгард, Николь Кидман, Итан Хоуктан ғажап актерлік ансамбль шыққан.

Визуал тұрғысында жылдың ең әдемі картиналарының бірі.

Читать полностью…

Киностан

Егер бір сериалды бастан-аяқ қарасаң - ол сенің белгілі бір өмір кезеңіңе байланысты болып қалады. Әдейі солай жасамасаң да ассоциациялар қалып қояды екен.

Мысалы "Озарк" сериалын ұлымның есеюімен байланыстырамын. 2017 жылы жазда сериал басталғанда ұлым 1 жасқа енді толып жатыр еді. Қазір сериал аяқталды, ұлым 5 жастан кетті. Алтыға сәл қалды.

Бір жағынан аз ғана уақыт өткен сияқты. Бірақ енді-енді тәлтіректеп орнынан тұра бастаған сәби мен саған мінез көрсетіп, ақылы мен тілі жеткенше ренішін айта алатын бала арасында үлкен айырмашылық бар :)

Қысқасы бір эпоха артта қалды :)

Читать полностью…

Киностан

Қанша көрсең де жалықпайтын үзінділер болады. Мен үшін сондайдың бірі - "1917" фильміндегі 7 минуттық кадр.

Басты кейіпкер "шабуылды тоқтатыңдар" деген ауызша бұйрықты командирге шабуыл басталғанға дейін жеткізіп үлгеруі керек. 7 минут бойы кадр үзілмей, бір дублмен көрсетіледі.

Фильм үш "Оскар" алды, соның ішінде үздік оператор да бар.
https://www.youtube.com/watch?v=WYCo-3pw52o

Читать полностью…

Киностан

Қазақтың "Қап-қара адамы" француздың "Нағыз детективінде"

Canal+ ұсынған мистикалық триллер қазақ даласындағы әлдебір тылсым қылмыс пен державалардың ғарыштағы текетіресін байланыстырып тұрған не нәрсе деген сұраққа жауап іздейді. Алғашқы сериясы осындай әсер берді маған, әйтеуір.

Француздар Әділхан Ержановтың "Қап-қара адам" картинасынан шабыт алған ба деп қоясың: тергеуші рөліндегі Данияр Алшынов, сондағы басқа да актерлер өз рөлдерін қайталапты мында. Екінші жағынан әлдебір культтық салтты еске түсіретін қылмыс іздері "Нағыз детективке" келетін секілді. Ал ғарышта өрбитін оқиғалар, ғарыш станциясындағы апат мини-сериалдың масштабынан хабар береді. Атмосферасы НВО-ның "Чернобыль" сериалына ұқсап кете ме деймін кей тұсында.

Қысқасы жалғастырып көремін. Алдағы серияларында Самал Еслямова бой көрсетеді дейді.

Менен осындай бір #рекомендейшн.

Читать полностью…

Киностан

Қазақша дубляж петициясы [QazaqshaJaz белсенділерінен].

Петицияға қол қойып, қазақша дубляждың пайда болуын бірлесіп жеделдетейік, достар!

Бүгінгі тербеу осы! Бәріміз СІЛТЕМЕГЕ кеттік!
⬇️
СІЛТЕМЕЙШІН❗️

Читать полностью…

Киностан

Кинопарк туған күніне орай акция жариялады. 7 желтоқсанда барлық сеанс 500 теңге болады. Бұған тек премиум санатындағы залдар кірмейді.

Читать полностью…

Киностан

Эмир Байғазиннің "Өмір" картинасы 10 ақпаннан бастап шектеулі прокатқа шығады. Фильмді "Арман" кинотеатрлар желісінен көруге болады.

Білмейтіндер үшін, бұл картина алдағы "Оскарға" Қазақстан атынан ұсынылады. Әлемдік премьерасы қыркүйекте Торонто ХКФ-де, Азиядағы премьерасы Токио кинофестивалінде өтті.

https://vimeo.com/768504365

Читать полностью…

Киностан

Гилермо дел Тороның жәдігерлер бөлмесі / Guillermo del Toro's Cabinet of Curiosities

Әр түрлі авторлар мен режиссерлердің жұмысы топтастырылған хоррор-антология. Гилермоның өзі идея авторы, продюсер әрі әр эпизодтың алдында кіріспе сөзді сөйлеуші міндетін атқарады.

Арасында классикалық хоррор оқиға да, қорқытудан гөрі адам психологиясының тұңғиығына үңілуге тырысқан сюжеттер де кездеседі. Хоррор жанрында жаңғыру жүріп жатыр дейді қазір кейбір сыншылар. Мен бұл антологиядан ренессанс байқай қоймадым. Десек те әр серия көркемдігімен, айрықша стилистикасымен ерекшеленеді.

Үрейлі фильмдерді ұнататын көрермендер өкінбейді деп ойлаймын.

Читать полностью…

Киностан

"Ұлы дала таңы" - репликасы пафосты, кейіпкерлері статикалық, ортақ идеясы әлсіз картина.

Басты кейіпкер Қасым хан тұлға ретінде ашылмайды. Кинода ешбір персонажда арка жоқ. Тарих сабағында оқушыларға көрнекі құрал ретінде көрсетуге болатын шығар, бірақ тарихтағы монументал тұлғаны айшықтайтын картина ретінде ұсынбас едім. Бұған да миллиардтаған ақша кетті ғой, ә, халықтың?

Бұрын да айтқам, қазір де айтам: қазақта әлі күнге дейін "Көшпенділерден" артық тарихи картина жасалмады. Онда "хотя бы" қарапайым көрерменге түсінікті хикая, барлық кейіпкерінің мінезі ап-анық жазылған, сюжетте белгілі бір бірізділік бар еді.

Читать полностью…

Киностан

Хью Джекман Құну/Логан рөліне қайта оралады.
Естеріңде болса Логан туралы трилогияның соңғы бөлімінде кейіпкер бұл өмірмен қоштасқан болатын. Оны ойнаған Хью да бұл рөлге енді оралмайтынын айтты. Тек бір интервьюде "оралуым мүмкін, егер Х-адамдарды Марвелдің киноғаламына (МКҒ) қосса" дегендей бірнәрсе айтқаны бар.
Не дейік, Х-адамдар МКҒ-ға қосылды. Дэдпул енді Диснейдің меншігі. Неге оралмасқа, неге оралмасқа?

Мына жерде Логанның "Дэдпул 3" фильмінде пайда болатыны туралы анонс: https://www.youtube.com/watch?v=Yd47Z8HYf0Y

Читать полностью…

Киностан

Айдын Сахаманның "Дос-Мұқасан" байопигінен және "Дос-Мұқасан" ансамблінің клипінен алынған кадрлар. Ұқсай ма? 🙂

Айтпақшы фильмнің премьерасы 7-11 қыркүйек аралығында Алматыда өтетін VII Baiqonyr International Short Film Festival аясында өтеді.

Читать полностью…

Киностан

Қазақстанда бірінші рет Хаяо Миядзакидің танымал туындысы қазақша дыбысталды

Dopamine Voice әуесқой тобы «Хаулдың Жаяу Қамалы» атты толық метражды анимені қазақша дубляждады. Айтуларынша, аударма, дыбыстау мен монтажға шамамен 1,5 ай уақыт жұмсалған.

Бұған дейін олар Титандар шайқасы мен «Сенің есімің» сияқты анимелерді қазақшалаған. Әлжелідегі парақшасында қазақша дыбысталған анимелерден қысқа үзінділер жариялайды.

Жалпы Dopamine Voice деген кімдер және олар не істейтіні туралы былтыр жазғанбыз. Толығырақ мына сілтемеде.

фото: @dopaminevoice

Читать полностью…

Киностан

Спорт драмалардың барлығынан дерлік жанрлық клишелерді қиналмай табасың. Сондықтан ондай фильмдердің басты құндылығын оның көркемдік ерекшелігінен емес, көрерменге шабыт пен үміт сыйлай алатын қабілетінен іздейсің.

Netflix ұсынған Hustle спорт драмасы мен үшін өз міндетін толық атқарып шықты. Ал Адам Сэндлер комедиант қана емес, тамаша драма актері екенін тағы бір дәлелдеді.

Бұл фильмді көру үшін баскетбол фанаты болу міндет емес.

Читать полностью…

Киностан

Осы апта қазақша дубляж туралы петицияны қолдауға арналған АРНАЙЫ КИНО КУИЗ кеші өтеді! 🎥🍿

Петиция мақсаты: еліміздің кинотеатрларында көрсетілетін барлық шетелдік киноларды қазақша дыбыстауды талап ету. Петицияны жүзеге асырып жатқан - Kazakbubble мен Qazaqshajaz жобалары.

Куизде сіз бен біз көрген қазақстандық, шетелдік кино-сериалдар, NETFLIX, танымал саундтректер және тағы басқа тақырыптағы қызық сұрақтар болады!

Оған қоса, әдеттегідей, би, көтеріңкі көңіл күй, жаңа танысулар! Сондықтан тездетіп 3-10 адамнан топ құрап, куизге тіркеліңіз! Орын саны шектеулі! 🤪

Кіру: 2000 тг/адам💰
Тіркелу мен қосымша ақпарат үшін, петицияға қол қою үшін сайтымызға өтіңіз😉

https://teztap.taplink.ws/

Читать полностью…

Киностан

Достар, жаз мезгілін мәнді де сәнді өткізудің бір амалын ұсынамыз.
🎥 Маусымда Öner Tili киносауат курсы басталады. Кино көріп, сауат ашамыз.
✅ Курста кино тарихынан бастап киноны қалай көріп, неге мән беру қажет екеніне дейін үйретеді. Формализм мен реализм, Семиотика және психоанализ, Постколониализм және феминистік теория, Постмодернизм және цифрлы кино деген тақырыптары да бар. Толығырақ 👉https://edu.oner.kz/cinema
🎙 Курсты белгілі кинотанушы, журналист, аудармашы, Лондондағы Мэри патшайым университетінің (Queen Mary University of London) докторанты, «Болашақ» стипендиясының түлегі Әсия Бағдәулетқызы жүргізеді.
🔵 Курс онлайн болады. Қатысу үшін тіркелу қажет 👉👉👉https://newreporter.org/kz/2022/05/20/oner-tili-kinosauat-onlajn-kursyna-tirkeu-bastaldy/?fbclid=IwAR2-oDKpmrKqd5bWtq-bA6Q6n900r4bbd6_wNPdltkKA0kYTNShijdPwEPY
⏳ 2022 жылғы 5 маусымға дейін өтініш қабылданады.
Киносауат онлайн курсында кездескенше 👋👋👋

Читать полностью…

Киностан

Ресей өркениеттің барлық саласынан аластатылып жатқанын бәрің білесіңдер. Соның ішінде кинопрокат та бар: елден Голливуд мейджорларының өкілдіктері кетіп қалды, бұл елге енді Голливуд жауһарлары келмейді.

Десек те Голливуд үшін Ресей ірі нарық саналып келгені рас. Бұнда (ТМД деп оқыңыз) жазғы блокбастерлер жақсы өтеді, қыруар қаржы әкеліп жүр.

Жылдың басты блокбастерлерінің бірі - "Доктор Стрендж: Сергелдең мультиғалам" / "Doctor Strange in the Multiverse of Madness" прокатқа жол тартты. Қызық осы жерде басталады: фильмнің жалпы табысына қарап әлемдік нарық Ресейді бандау арқылы көп нәрсе жоғалта ма, әлде жоқ па деген сұраққа жауап табылып қалар.

Егер жоспарланған табыстың қомақты бөлігінен қағылса Голливуд Ресейге оралуды қайта ойлай бастауы мүмкін, ал егер аса бір өзгеріс байқалмаса - и, жақсы деп жаңа реалияға бой үйретеді :)

Читать полностью…

Киностан

Үш жақсы #жаңалық бар. Қайсысынан бастайын? 😜

- Мэтт Ривз түсірген, Роберт Паттинсон ойнаған "Бэтменнің" цифрлық релизі шықты.

- "Тор 4"-тің тизері шықты. Тайка Вайтити тағы да стиль үлестіретін түрі бар. Естеріңде болса "Рагнарекке" ретроның реңін берген еді. Бұл жолы ромком және өзін іздеген көңілсіз құдайдың роудмовиі болатын сияқты :)

- Ертең "Одан да Солға хабарлас" / "Better Call Saul" сериалының алтыншы маусымы басталады.

Читать полностью…

Киностан

Джокерді ойнайтын актерге талап қашан да жоғары. Оны ойнағысы келетіндер көп, бірақ мүмкіндік мыңнан біреуіне ғана бұйырады.

Роберт Паттинсон ойнаған "Бэтменде" жаңа Джокер бар. Экрандағы уақыты өте қысқа, бірақ эпик дейді. Ойнаған - Барри Кеоган деген ирландиялық жас талант. Оны көпшілік "Қасиетті бұғыны өлтіру" (The Killing of a Sacred Deer) драмасынан кейін тани бастады.

https://www.youtube.com/watch?v=Fk24oDJXSrk

Читать полностью…

Киностан

Оскардың бас жүлдесін және бейімделген сценарий мен екінші пландағы актер номинацияларын жеңіп алған "CODA" - жарқын кино.

Зұлымдары жоқ, бойыңа жылулық беретін, соңына таман эмоцияңды қозғап жібереді.

Әдетте біз керең-мылқау адамдарды ата-анасы арқылы танимыз. Мүгедек баланың ата-анасы бар дейміз, солардың арқасында өмірге бейімделеді, ересектер қарайласады, қамқор болады.

Ал отбасы толығымен керең-мылқау болса, олар сыртқы әлеммен сөйлей алатын жалғыз жақыны - қызы арқылы ғана байланыса алса? Бәріне мәлім проблема осы жерде басқа қырынан ашылады.

Бұл жерде ересек рөлінде - 17 жасар қыз. Бала рөлінде - қоғаммен өз бетімен қарым-қатынас құра алмайтын, қамқорлық пен қорғауды 24 сағат бойы қажет ететін, ересек болса да бала кейпіндегі ата-ана және аға.

Бұл жерде сау адамдардың және мүмкіндігі шектеулі адамдардың құндылығы сарапқа салынады, салыстырылады және екі әлемнің қабыспайтын тұстары көрсетіледі.

Читать полностью…

Киностан

Әзірбайжаннан шыққан атақты кинематографшы Рустам Ибрагимбековтың қайтыс болғаны туралы барлық БАҚ жазды. Бірақ ешбірі оның қазақ киносына қосқан үлесін атамады.

Ресей басылымдары оны "Белое солнце пустыни", "Оскар" алған "Утомленные солнцем" фильмдерінің авторы деп жазды. Біздің басылымдар сол мәтіндерді көшіріп ала салған сияқты.

Білмейтіндер үшін - Рустам Ибрагимбеков "Көшпенділер" картинасының сценарий авторы.

Читать полностью…
Subscribe to a channel