Кино және соның төңірегі: ойлар, рецензиялар, шолулар, т.б.
Түрлі фильмдерден бірдей кадрлар байқап қалған сәт өзіме ұнайды :)
"The Last of Us" сериалын бастауға бір жағынан уақыт болмай, бір жағынан бата алмай жүргем. Қазақша әуесқой дыбысталған нұсқасы шықты деген соң бастап кеттім.
Қазақша нұсқасын hdrezka сайттардан іздеңіз 😉
Даррен Аронофскиге көзқарасым бір жақты емес. "Реквием", "Қарақу" үшін қалпағыңды шешіп, "Нұх" пен "мамасы" үшін бас шайқауға болады.
"Кит" бүкіл жұмыстарының ішінде не әрі емес, не бері емес - ортасында қалған сияқты. Беретін эмоциясы үшін, көтерген тақырыптары үшін алғыс айтасың, құдай мен інжілді тағы араластырып, сюжеттің нәрін кетіріп жібергенде оқиғаға қаныңқырамай қалғаныңды ұғасың.
Басты рөлдегі Брендан Фрейзер бұл кінә мен сыннан тысқары жатыр. Ол кемеңгер актер.
Әйтсе де кемшіліктеріне қарамастан бір қарауға әбден лайық туынды деп санаймын.
Қызық тенденция негізі...
Осыдан бірнеше жыл бұрын бірден стримингке шыққан фильмдер киноакадемиялардың сыйлығына ұсынылмайтын. Олар ұсынғысы келеді-ау, академиктер қабылдамайтын, тіпті мойындамайтын.
Енді қараңыз - Ремарктың "Батыс майданда өзгеріс жоқ" шығармасының желісімен түсіріліп, Netflix платформасына шыққан неміс картинасы Еуропа киноакадемиясында екі номинацияда жеңімпаз болды. Ал (осы жерде бар назарыңызды толығымен маған бұрыңыз) Британ академиясында 7 номинацияның үздігі болды.
Екі емес, үш емес, төрт емес, бес емес... Жеті, жетііііі.
Достар, менің 7 деген сөзіме мән бермей отырсыңдар. ЖЕТІ деп отырмын.
Жалпы түсініп тұрсыңдар ма? Ж.Е.Т.І. номинацияның жеңімпазы, білдіңіз бе?!
Алда "Алтын глобус" пен "Оскардың" 9 номинациясы күтіп тұр. Т.О.Ғ.Ы.З.
Қалай ойлайсыңдар, осынша сыйлыққа лайық фильм бе?
Америкадағы Супербоул - матч, музыка қойылымдарынан бөлек, жаңа трейлерлердің де мейрамы.
2023 жылғы Супербоул кезінде көрсетілген трейлерлер: https://www.youtube.com/watch?v=0r2MK7sto4A
Қысқаша: "Флеш", "Галактика сақшылары 3", "Форсаж 10", "Крид 3", т.б. фильмдердің анонс/роликтері бар.
M3GAN - абьюзер қуыршақ туралы хоррор :)
Әзілді былай ысырып қойып айтсақ, фильмнің моралі мынау - балаңа ата-ана бол, әйтпесе компьютер (планшет, телефон, ақылды ойыншық) келіп сенің рөліңді өзіне алады.
Ал енді бұл фильмді жасаушылар туралы жаңалық: Blumhouse пен Atomic Monster біріккелі жатыр. Blumhouse "Паранормал құбылыстан" бастап, "Окулус", "Астрал", "Синистер", "Аулақ" т.б. атақты картиналар шығарды.
Ал Atomic Monster "Ара", "The Conjuring", "Астрал" сияқты фильмдерді түсірген Джеймс Ванның студиясы. Екі студия хоррор фильмдер жасау жолында бірлесіп жұмыс істеп жүр онсыз да.
Былайша айтқанда соңғы жылдардың ең табысты хоррор-продюсері мен соңғы жылдардың ең талантты хоррор-режиссері бірігіп жатыр.
"Апта киносы" деген айдармен әр апта соңында бір фильм ұсынып тұрсам қалай қарайсыңдар?
Мысалы осы жолы поляк режиссері Ежи Сколимовскийдің "Ио" фильмін ұсынар едім. Ешқандай жанрға жатқызуға келмейтін, сөзінен қимылы көбірек картина 2022 жылы Канн кинофестивалінде Қазылар сыйлығын алды.
Қысқаша: Адамдар табиғатын, болмысын есектің көзімен зерттеу. Біз жануарлар үшін қандаймыз?
"Дос-Мұқасан" жанға жылу беретін картина екен.
Иә, ұсақ-түйек деталдеріне мін артуға болады. Бірақ байопик екен деп биографиялық факт-деректермен, хронологиялық реттілікпен миға артық жүк салмайды. Тіпті кейбір сахналарды музыкалық клип түрінде береді, сонысымен қызық секілді. Осындай тұстары "Богема рапсодиясы", "Рокетмен" картиналарын еске салады (жақсы мағынада).
Совет киносы үшін стереотип болып қалған кейбір элементтерді қосу арқылы режиссер сол заманның атмосферасын жақсы береді.
Үйдің үлкені де, жасы да оңай қабылдайтын картина деп ойлаймын. Өйткені "Дос-Мұқасан" аға буынның кумирі, ал жастарға фильмнің баяндау стилі жат емес.
Инди-хоррор шеберлері Аарон Мурхед пен Джастин Бенсон Марвелдің «Ай серісі» сериалынан кейін өздерін танымал қылған тематикаға, инди бағытқа қайта оралған екен. «Something in the Dirt» бастапқы жұмыстарымен үндес, ұқсас картина. Аталған екі фильммейкерді танысаңыз міндетті түрде көру керек.
Читать полностью…Жеміс Камерон екінші "Аватарын" майын тамызып тұрып баяндауға күш салған екен.
Фильмнің көкжиегін кеңейтіп, жаңа әлеммен - Пандораның суда тіршілік ететін жаңа пенделерімен таныстырады. Ол әлемге бірден қойып кетпей, көрерменді де, кейіпкерлерді де асықпай ендіріп, егжей-тегжейін түсіндіреді. Сондықтан хронометражға уақыт аямапты.
Сюжеттің бірізділігінен жаңылмауды да ойлаған: бірінші бөлімнің соңында не болғанын еске салып, кадр сыртындағы кейбір деталдерін айтады-көрсетеді.
Десек те сәл уақытқа орнаған бейқам тіршіліктің алдамшы екенін музыкасымен сездіртіп тұрады. Сен де ішкі құрылысыңды бүріп ұстап, әй, қазір бірдеңе болады-ау деп отырасың.
Бірінші картина колонизацияны басты назарда ұстап, отарлау мен жоғары цивилизация астамшылығы қандай қайғыға әкелетінін айтса, екінші бөлімнің моралі тым қарапайым, бірақ өте өзекті - отбасыңа деген шексіз сүйіспеншілік.
Ал енді, Доминик Торетто, былай ығыс - отбасыны сенен артық қадірлейтін адам табылды. Ол - Джейк Салли.
P.S. Фильмнің қазақшасына барыңдар :)
Қазақша дубляждың қаралымын қалай көтереміз?
15 желтоқсан кинотеатрға “Аватар: Су жолы” (ұзын тұра көк адамдар туралы) фильмінің қазақша дубляжы шығады. Қазақ көрермені осы премьераны пайдаланып, дубляж нарығына ықпал ете аламыз.
Яғни мәселе мынандай: қазақша дубляжға көп жағдайда адам аз барады екен-міс. Кинотеатр — жекеменшік кәсіп болғандықтан, сеанстарының уақытын сұранысқа қарай қояды.
Мәселені қалай шешеміз: Аватардағы На’Ви халқы айтпақшы, жатқан тастың астына су бармайды. Сондықтан көрсетілімнің қазақша нұсқасына барынша көбіміз баруымыз керек. Қазақшаға сұраныс көп болса, сыйласқанның суын іш деп, кинотеатр да бәрін көрерменге қарай ыңғайластырады.
Кинопрокатта бірінші апта аса маңызды, оның нәтижесіне қарап, екінші аптаның кестесін жасайды. Бірінші аптада бәріміз — отбасы, бала-шаға, көрші-қолаң, ауыл-аймақ боп “Аватар” фильмінің қазақша сеанстарына тойға барғандай жаппай ағылып барайық!
Атам На’Ви айтпақшы: судың да сұрауы бар, сондықтан бүкіл кинотеатрға алдын ала телефон шалып, На’Ви тәрізді бәрін ана тілімізде сұрап, қазақша дубляжы нешеде, қай залда екенін анықтап, жоқ болса қосуын талап етіп, тыным бермей дабылдатайық (тек агрессиясыз). Әйтпесе, қазақ дубляжы суға кеткендей тал қармайды.
На’Видің көк иық ақындары айтып кеткендей: “су сағасы — бұлақ, сөз сағасы — құлақ”, яғни осы үндеуімізді барлық танысыңызға, досыңызға, көршіңізге жеткізіңіз. Кинотеатрларды көгертіп жіберейік!
@QazaqGrammar
"Кезбе өліктер" аяқталды (2010-2022).
Өзім 2012-2013 жылдардан бастап қарадым. Нашар маусымдары да болды, бірде динамикаға оралып, кейде шәйіп, кейде интригалатып отырды. Десек те он шақты жылымды арнаппын.
Не деймін, спин-оффтарын әкеліңдер :)
Кинода/театрда "төртінші қабырғаны бұзу" деген термин бар - сахнадағы/экрандағы кейіпкер көрерменімен тілдесуі. Дэдпул, мысалы.
Мен бұны алғаш рет ауыл клубында көрдім. Мұғалімдер спектакль қойды. Кәдімгідей дайындалып еді. Театрдағыдай декорация, реквизиттер - бәрі болды. Көрермендердің дені балалар еді. Екінші акт кезінде ме екен, балалар зерігіп шулай бастады. Информатикадан беретін Рахмет ағай басты кейіпкерлердің бірін ойнап еді. Қолына балта ұстап, отын жара ма - сондай бірдеңе істейтін жері бар. Рөлін тоқтатты да сол балта ұстаған күйі бізге бұрылып, ұрысып тастады.
Сосын... дым болмағандай ойынын жалғастыра берді.
#рекомендейшн
Netflix ұсынған Entergalactic вайб сыйлайтын картина: үлкен қаланың вайбы, алаңсыз жастықтың вайбы, ғашық болудың вайбы, тәтті қарым-қатынастың вайбы, шығармашылықтың вайбы. Бұлардың бәрін сәнді музыка біріктіреді.
Музыкамен әрлеуі, анимациясы тұрғысынан Spider-Man: Into the Spider-Verse мультфильміне ұқсас. Оны да ерекше вайбы үшін ұнатып едік қой.
Жалғыз отырып, құлаққаппен көруді ұсынар едім. Мың бояулы әдемі әлемге елітіп алып кетеді бірден.
Netflix ұсынған Blonde - Мэрелин Монро өміріне басқаша көзқарас. Алтернатив, авторлық. Оның өмірбаянын айтып бергеннен гөрі, оның басынан өткен оқиғалар арқылы психоанализ жасауға тырысу. Өзім солай қабылдадым.
Әйтпесе порнография (жарайды, эротикалық) кадрлардың мәнін түсіне алмадым. Иә, актриса өмірде талай еркекпен кездесті, талайының қол жетер/қол жетпес арманы болды. Десек те неліктен авторларда оны жалаңаш көрсетуге ынтазарлық туды, оны түсіне алмадым.
Жалпы бұл картина сюжеті бір линиялы сюжетке ұқсамайды. Өмірбаянында келтірілген оқиғалар да сол күйінде беріле бермейді. Атмосферасы меланхолияға толы, актрисаның маскасыз қырын, қайғысын көрсетуге тырысқан. Жалпы техникалық орындалуына кінә арту қиын.
Десек те бұны бір канон, жұлдыздың өмірін мейілінше шынайы суреттейтін туынды деп қарамас едім.
P.S. Ана де Армас - біздің заманның Монросы. Сондай сүйкімді, сондай қылықты, сондай пәк.
«Шазам! 2»-ден кейінгі ой.
Темір адам, Тор, Супермен, Бетмен, басқа да қаһармандар Әділет лигасына немесе Кек алушыларға бірікпей тұрғанда жаумен жалғыз шайқасуы әлдеқайды қисынды көрінетін.
Алайда суперлер жасағы құрылып болған соң оларға жеке жобалар жасауды жалғастыру ақылға қонбай бара жатыр.
Шазамның мысалын алайық. Бұл киноғаламда Әділет лигасы бар. Әйтсе де ақыл-ойы жасөспірім деңгейіндегі суперқаһарман үш құдайға бір өзі төтеп береді. Былайша айтқанда тұтас жер планетасының тағдыры бір топ жасөспірімнің әрекетіне қарап қалады екен. Ал осы кезде Флеш, Бетмендер қайда және не істеп жүрді деген сұрақ бастан кетпей қояды.
Қысқасы суперқаһармандар тақырыбы мен үшін өзекті болмай бара жатыр.
«Оскардың» басты триумфаторы құрметіне менің сол фильм туралы пікірімді тағы бір еске алып қоялық 😉
Читать полностью…#АптаКиносы
ХОТЯ БЫ В КИНО
Фильмнің өзегі - коррупция.
Антикордың қолына түспеу үшін жемқор шенеунік небір қызық та күлкілі оқиғаларды бастан өткізеді.
Роуд муви элементтері бар жеңіл комедия.
Иә, кінә қояр тұстары көп, тіпті сюжетінде үнді киносы секілді аңғалдық та бар.
Бірақ "күлдіртіп отырып жылатады" деуші ме еді халық? Сондай фильм.
Атауы неге былай дегендерге: енді жемқорларды кинода жазаламағанда басқа қай жерде жазалаймыз? - дейді авторлары.
https://www.youtube.com/watch?v=ELOyh2zwALQ
Харли Куин образындағы Леди Гага.
Оны 2024 жылы "Джокер 2" фильмінен көреміз. Басты рөлде - Хоакин Феникс.
The Banshees of Inisherin
"Үш билбордты" түсірген Макдонаның жаңа картинасы өзіңмен өзің болу құқығы үшін өмірін қиюға даяр адам туралы баяндайды.
Колм (Брендан Глисон) - жасы келген қария, өмірі аралдағы бейқам ауылда өткен. Өзгелер секілді күнделікті өмірін пабта өткізеді, жексенбіде шіркеуге барады, досы Падриктің (Колин Фаррелл) мағынасыз бос әңгімесін тыңдайды. Бір-біріне ұқсаған күндер. Сөйтіп жүргенде өмірінің көбі өтіп, азы қалыпты. Бос тірліктің бәрін доғарып, қалған өмірін музыкаға арнасам, сөйтіп артымда бір із қалдырсам дейді. Алайда досы кенеттен өзгеріп шыға келген Колмды түсіне алмайды. Енді маған жолама деген өтінішін қорлау деп қабылдайды.
Осы конфликтінің түрлі себептері мен салдарын екі кейіпкердің көзімен көреміз. Әр көрермен жанына жақын түйінге келеді деп ойлаймын. Өйткені екі кейіпкердің өзі ғана түсінетін уәжі бар, екеуінің де әрекетін теріске шығара алмаймыз.
p.s. Аталған екі актердің "In Bruges" (2007) фильміндегі тамаша тандемін бәрі біледі. Оны да Мартин Макдона түсірген еді.
Апта Киносы
Шрек мультғаламының фанаттарына бұл жақсы дүние болды. Етік киген мысық туралы спин-оффтың екінші бөлімі франшизаның үздіктерінің бірі деуге болады.
Анимация болғанымен оқиғасы вестерн стиліндегі экшн-драмадан кем емес.
Отбасы болып көруге әбден лайық.
Хоррорда зерттелмеген құбыжық, көрсетілмеген жын-пері қалмады ғой қазір. Сондықтан да жанр өте таптаурын, бір-бірін қайталап жатады.
«Варвар» хоррорға детектив элементтерін қосып, баяндау тәсілін, визуал келбетті жаңа ракурспен беруге тырысады. Сюжетті сегменттеу арқылы бір оқиғаға бірнеше кейіпкердің көзімен қарауға болады. Фильм алғашқы минутынан соңына дейін саспенс эффектісімен ұстап тұрады.
2022 жылдың басты хорроры дегендер бар. Бәлкім рас та шығар.
Аарон Мурхед пен Джастин Бенсонның шығармашылығындағы ең шок сахнаның бірі (деп есептеймін)
https://www.youtube.com/watch?v=IHeTvKNvATM
Достар, айтуға ұмытып кете берем: QAZAQ KINOSY: TOP-10 FILM деген жоба жүріп жатыр. Киносүйер қауым оффлайн бас қосып, қазақ киносындағы үздік туындыларды қарайды, талқылайды, кейіпкерлерге психоанализ жасайды, сюжеттің артына жасырылған астыртын ойларды табады.
Әр аптаның сейсенбісінде 1 фильм талқыланады. Осыған дейін "Қыз Жібек", "Менің атым Қожа", "Тұлпардың ізі" сияқты картиналар көрілді және талқыланды.
Анонстар мен ақпаратты мына жерден қарай жүріңіз: https://www.instagram.com/oner.portal/
Ана жер, мына жерден жылтыңдап видеолары шыға берген соң Тим Бертонның "Сәрсенбісін" бастадым.
Басты рөлде ойнаған Дженна Ортега сондай тартымды. Қара юморды, готика атмосфераны қабылдап, оны өзгеге бере алатын қыз екен өзі.
Сосын... аздап Хелена Бонем Картерге ұқсастығы бар ма деп қалдым. Тимекең де сағынатын шығар, қәйтсін енді.
Ал тиктокерлердің жаңа трендіне айналған әлгі би таза импровизация болды дейді. Өтірік-расына куәлік ете алмаймын.
Кинопарк туған күніне орай акция жариялады. 7 желтоқсанда барлық сеанс 500 теңге болады. Бұған тек премиум санатындағы залдар кірмейді.
Читать полностью…Эмир Байғазиннің "Өмір" картинасы 10 ақпаннан бастап шектеулі прокатқа шығады. Фильмді "Арман" кинотеатрлар желісінен көруге болады.
Білмейтіндер үшін, бұл картина алдағы "Оскарға" Қазақстан атынан ұсынылады. Әлемдік премьерасы қыркүйекте Торонто ХКФ-де, Азиядағы премьерасы Токио кинофестивалінде өтті.
https://vimeo.com/768504365
Гилермо дел Тороның жәдігерлер бөлмесі / Guillermo del Toro's Cabinet of Curiosities
Әр түрлі авторлар мен режиссерлердің жұмысы топтастырылған хоррор-антология. Гилермоның өзі идея авторы, продюсер әрі әр эпизодтың алдында кіріспе сөзді сөйлеуші міндетін атқарады.
Арасында классикалық хоррор оқиға да, қорқытудан гөрі адам психологиясының тұңғиығына үңілуге тырысқан сюжеттер де кездеседі. Хоррор жанрында жаңғыру жүріп жатыр дейді қазір кейбір сыншылар. Мен бұл антологиядан ренессанс байқай қоймадым. Десек те әр серия көркемдігімен, айрықша стилистикасымен ерекшеленеді.
Үрейлі фильмдерді ұнататын көрермендер өкінбейді деп ойлаймын.
"Ұлы дала таңы" - репликасы пафосты, кейіпкерлері статикалық, ортақ идеясы әлсіз картина.
Басты кейіпкер Қасым хан тұлға ретінде ашылмайды. Кинода ешбір персонажда арка жоқ. Тарих сабағында оқушыларға көрнекі құрал ретінде көрсетуге болатын шығар, бірақ тарихтағы монументал тұлғаны айшықтайтын картина ретінде ұсынбас едім. Бұған да миллиардтаған ақша кетті ғой, ә, халықтың?
Бұрын да айтқам, қазір де айтам: қазақта әлі күнге дейін "Көшпенділерден" артық тарихи картина жасалмады. Онда "хотя бы" қарапайым көрерменге түсінікті хикая, барлық кейіпкерінің мінезі ап-анық жазылған, сюжетте белгілі бір бірізділік бар еді.
Хью Джекман Құну/Логан рөліне қайта оралады.
Естеріңде болса Логан туралы трилогияның соңғы бөлімінде кейіпкер бұл өмірмен қоштасқан болатын. Оны ойнаған Хью да бұл рөлге енді оралмайтынын айтты. Тек бір интервьюде "оралуым мүмкін, егер Х-адамдарды Марвелдің киноғаламына (МКҒ) қосса" дегендей бірнәрсе айтқаны бар.
Не дейік, Х-адамдар МКҒ-ға қосылды. Дэдпул енді Диснейдің меншігі. Неге оралмасқа, неге оралмасқа?
Мына жерде Логанның "Дэдпул 3" фильмінде пайда болатыны туралы анонс: https://www.youtube.com/watch?v=Yd47Z8HYf0Y